Қазақстан мен Люксембург тұрақты әуе тасымалы жөніндегі меморандумға қол қойды
Қазақстан мен Люксембург арасындағы әуе тасымалы ынтымақтастығы артты, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бүгін елорда әуежайында тұрақтылықты айқындайтын құжатқа қол қойылды. Меморандум екі ел арасындағы экономикалық және іскерлік ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал етпек. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев пен «КаргоЛюкс» әуекомпаниясының президенті Ричард Форсон екіжақты келісімді пысықтады. Құжатқа сәйкес апта сайынғы транзиттік жүк рейстерінің саны 3 есеге артады.
Марат Қарабаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:
- Кез келген Люксембург елінің тасымалдаушылары, оның ішінде осы «КаргоЛюкс» біздің аэропортты транзиттік хаб ретінде естете алады. Яғни, Люксембургтен шығып, осында қонып, әлемнің кез келген еліне ұшып кете алады деген сөз. Осында ұшақ қонғанда, әрине, Қазақстан жүгін қосып алып кетеді немесе жүктерді алып кетеді. Және тағы да біздің әуежайда техникалық байқаудан өтетін болады.
КаргоЛюкс-тің Астана әуежайына алғашқы рейсі 1 мамырда жасалған болатын. Бүгінде әуекомпания Люксембургті елорда әуежайы арқылы Қытай және Жапония елдерімен байланыстырып, аптасына 7 рейстен орындап отыр. Алдағы уақытта үкіметаралық келісім шеңберінде тұрақты әуе тасымалдарының көлемін тағы ұлғайту көзделіп отыр.
Ричард Форсон, CargoLux әуекомпаниясының президенті:
- Қытай мен жалпы Еуропа арасындағы әуе жүгін тасымалдауда осы Астана халықаралық әуежайы қолданылып отыр. Бүгінгі меморандум Еуропа мен Қытайдан барлық жүкті тұрақты негізде тасымалдауға мүмкіндік береді. Екі ел арасындағы іскерлік қарым-қатынас мұнымен тоқтап қалмайтыны анық. Екіжақты ынтымақтастық арта берсін деген тілегім бар.