Барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары республикалық форумда бас қосты
Барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары алғаш рет елордада бас қосты.
Бірінші республикалық форумға AMANAT партиясы мұрындық болды. Әр өңірдің жетістігімен қоса кемшін тұсы да бар. Мәселені шешу үшін мәжілістегі Партия фракциясының мүшелері «Халықпен бірге» сайлауалды бағдарламасын қолға алды.
Бұл қауым өңірлердегі түйткілдермен етене таныс. Сол себепті оларға артылған міндет жоғары. Бүгін 2 мыңнан аса мәслихат депутаты бірінші республикалық форумға қатысып, аймақтағы ахуалды орталыққа тікелей жеткізуге мүмкіндік алды.
Құлбатыр Мұсабек, Түркістан қалалық мәслихат депутаты:
- Халықтың өтінішін билікке жеткізуге, халықпен бірге жұмыс жасауға талпынып жатырмыз. Мен өзімнің сайланған округымда жол мәселесі, свет, канализация, сол сияқты мәселелерді шешіп жатырмыз уақытысымен.
Нұрман Әбдрасилов, Сырдария аудандық мәслихат депутаты:
- Осындай форум өте керек деп ойлаймын. Басқа облыстардағы әріптестерімізбен танысып, атқарылатын жұмыстарды ақылдасып, керемет көңіл-күйдеміз енді.
Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов жергілікті депутаттардың орталық аппаратта тәжірибеден өтетінін жеткізді. Бұл өте маңызды. Әсіресе алдағы бес жылда жұмыс қыза түседі. Партияның сайлауалды бағдарламасын орындау қажет.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
- Қазір онсыз да қоғамның сұранысы күшейді. Алайда азаматтар бізден орындалмайтын нәрсені сұрап отырған жоқ. Олар берген уәделеріміздің уақытылы орындалуын, реформалардың нақты нәтижесін тағатсыз күтіп отыр. Олай болса, депутаттардың бел шешіп, жұмысқа кірісетін шағы келді. Бұл әсіресе мәслихат депутаттарына қатысты. Сіздердің мойындарыңыздағы жүк жеңіл емес. Бұрын халық әкімді іздейтін, қазір депутаттан сұрайды.
Форумда мемлекеттік орган басшылары да бой көрсетті. Мақсат - тікелей диалог орнату арқылы партиядағы ішкі өзгерістерді бекіту, сондай-ақ жаңа саяси жағдайда депутаттық қызметтің маңызын арттыру.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Мұның алдында мәслихат депутаттарына қоғамдық қосымша жүктеме сияқты болатын болса, көп мәселемен айналысуға уақыты да болмаса, қазір кем дегенде тұрақты комиссиялардың 2 төрағасы толығымен жұмыс істеп мәслихатта отырады. Ол да мәслихаттың құзіреттің арттыру үшін жақсы мүмкіндік.
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин форум өткізу бастамасын жоғары бағалады. Ол аймақтардағы мәселерді шешуде барлық партия жұмылуы керектігін атап өтті.
Ерлан Қарин, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі:
- Президент ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру үшін білім, мәдениет, ғылым салаларын дамыту қажеттігін атап өтті. Бұл біздің қоғамымыздың алдыңғы кезекті дамуымыздағы негізгі үш деңгейі болуға тиіс. Мемлекет басшысының Түркістандағы сөйлеген сөзінің басты ерекшелігі де осында. Әдетте біз мәдениет, ғылым, білім жайында екінші кезекте ғана айтамыз. Президент керісінше, бұл салаларға ерекше басымдық беріп отыр. Ол аймақтардағы мәдениет ошақтарын, ауыл мектептерін, балалар кітапханаларын, кітап шығару ісін, театр мен кино, мұражай жұмысын дамытуға баса назар аударып отыр.
Елде 3,5 мыңға жуық барлық деңгейдегі мәслихат депутаты бар. Оның 77 пайызы Аманат партиясының өңірлік фракция мүшелері. Мәжіліс төрағасы "баршамызды мемлекет пен халыққа адал қызмет ету миссиясы біріктіреді" деді. Сондықтан болар алқалы жиынның символы ретінде мемлекеттік ту таңдалған. Ал форумды 2 жылда бір рет өткізу дәстүрге айналады.
Мерей Мұратханқызы