Қазақстан мен Люксембург қарым-қатынасы нығаяды

Қазақстан мен Люксембург авиация және ғарыш кеңістігін бейбіт мақсатта зерттеу салаларында ынтымақтасады.

Екі елдің сыртқы істер министрлерінің кездесуінде осындай меморандумға қол қойылды. Люксембург ұлы герцогтігінің сыртқы және еуропалық істер жөніндегі министрі Жан Асселборн елімізге ресми сапармен келді. Ол қазақстандық әріптесімен сауда-экономикалық серіктестікті дамыту жайын талқылады. Осы мақсатта Люксембург сауда-өндірістік палатасының Қазақстанға сапары жоспарланып отыр. Еліміздің сыртқы істер министрі аталған елмен визалық режимді жеңілдету мәселесін қозғады.

Мұрат Нұртілеу ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі:

- Қазақстан тарапы нарығымызға кіруге ниетті Люксембург компаниялары үшін қолайлы жағдайлар жасауға даяр. Сыртқы нарыққа бірге шығаруға дайын. Екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыс өрісін кеңейтудің перспективалаы айтарлықтай деп санаймыз.

Жан Асселборн, Люксембург Ұлы герцогтігінің сыртқы және Еуропалық істер министрі:

- Еуропалық одақ Қазақстанмен жалпы ортақ мәселелерді біздің елдеріміздің игілігі үшін талқылауға дайын. Біздің ақырғы мақсатымыз өсім және нәтижеге бағытталған. Қазақстан жақында энергетика, транспорт, сауда саттық саласындағы негізгі серіктестеріміздің біріне айналады.

Айта кетейік, бүгінде еліміз Люксембургтан көлік тіркемесі, шина, түрлі материал, қағаз, қатты қағаз, мақта, ине және тағы басқа бұйымдарды импорттайды. Биылғы 4 айда өзара тауар айналым 8,1 млн долларды құрады.