М. Әшімбаев Ұлытау жұртшылығымен кездесті

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Ұлытау облысының мәслихат депутаттарымен, ақсақалдармен және жастармен кездесті, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Өңірлердегі өзекті мәселелерді шешу – Сенат пен мәслихаттардың бірлескен жұмысының маңызды бағыты», - деді Палата төрағасы. Ал аймақтарда түйткіл аз емес. Олардың басым бөлігі инфрақұрылымға, әлеуметтік нысандарға, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына қатысты. Мәулен Әшімбаев Сенаторлар өңірлерді дамыту мәселесін әрдайым назарда ұстап, проблемаларды жүйелі шешуге заңнамалық тұрғыдан ықпал ететінін атап өтті. Ал ақсақалдармен кездесу барысында өңірдегі тарихи-мәдени ескерткіштерді сақтауға үлкен үлес қосқан аға буынға алғыс білдірді.

Сөз соңында: «Ұлытау – ұлтымыздың ұясы. Өлкеде көптеген тарихи-мәдени ескерткіштер, ұлы тұлғалардың кесенелері бар. Оларды лайықты қорғау және сақтау – ортақ жауапкершілік», екені айтылды. Келер жылы Ұлытау облысында су мәселесін шешу бағытында нақты қадамдар жасалады.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Жалпы мынау су, жол мәселесі Ұлытау өңірі үшін ең өзекті мәселелердің бірі шығар деп түсініп отырмыз. Сол себепті мен өз тарапымнан жаңа қаржыларды бөлуге, келесі жылдың бюджетіне кіргізуге көмектесуге тырысайын. Біздің жиынымыздың нақты қорытындыларының бірі осы болсын.