Қ. Тоқаев Н. Назарбаевтың еңбегіне әділетті баға беру керек екенін айтты

Ақорда

Елордаға муниципалитет пен әлем астаналарының басшылары жиналды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бас қаламыздың 25 жылдығына орай Астананың бауырлас қалалары форумы өтті. Мерейтойлық жиынға Мемлекет басшысы қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев алқалы жиында Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегіне лайықты, әділетті баға беру керек екенін айтты. «Әділетті Қазақстанда ақты ақ, қараны қара деу қажет. Ненің шындық, ненің өтірік екенін ажырата білу керек», - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Өздеріңізге мәлім, елорданы көшіру оңай болған жоқ, қомақты жұмыс істелді. Бұл шешім өте күрделі кезеңде қабылданды. Ел экономикасы тоқырауда болды. Жұрт нарықтық қатынастарға толық бейімделмеген кез еді. Осындай қиын жағдайда Жоғарғы Кеңес Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасы бойынша Астананы Ақмолаға ауыстыру туралы шешімді 1994 жылы 6 шілдеде қабылдады. Бас қаламыз ресми түрде 1997 жылы 10 желтоқсанда көшірілді. Ал осыдан 25 жыл бұрын 6 мамырда Ақмола атауы Астана болып өзгертілді. Елорданың жылнамасы Тәуелсіз Қазақстанның шежіресімен тығыз астасып жатыр. Шын мәнінде, астананы көшіру геосаяси тұрғыдан өте дұрыс қадам болды.

 

Елорда әлемдегі озық 21 шаһардың қатарына қосылды

Бас қаламыз аз уақытта дамыған экономикасы мен инфрақұрылымы бар заманауи мегаполиске айналды. 25 жылдың ішінде қаланың жалпы өнімі 22 миллиард, ал өнеркәсіп 4,3 миллиард долларға жетті. Ширек ғасыр ішінде 33 млн шаршы метр тұрғын үй, 670 балабақша мен мектеп, 100-ден астам мәдени және спорт нысаны салынды. Бүгінде Астана таланттарды, жастарды, туристерді, инвесторлар мен компанияларды тартатын  аймақтық хабқа айналды. Беделді халықаралық ұйымының мәліметі бойынша елорда әлемдегі интеллектуалды 21 шаһардың қатарына енді.