Президент Мәжіліс Төрағасы Е. Қошановты қабылдады
Парламенттің төменгі палатасының VIII шақырылымының I сессиясы басталғаннан бері мәжілісмендердің қарауында болған 82 заң жобасының 20-на депутаттар бастамашылық жасады.
Олардың ішінде Заңсыз иемденілген активтерді қайтару, Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама, Семей ядролық қауіпсіздік аймағы, сұйытылған газ айналымы, электрлі самокаттардың қозғалысын реттеу туралы және басқа да заңдар бар. Бұл жөнінде бүгін Президенттің қабылдауында болған Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов айтты.
Мәжіліс спикері конституциялық реформаның қорытындысы бойынша Палатаның жұмыс форматына енгізілген өзгерістер жөнінде баян етті. Мәжілістің 6 партиялық фракциядан, сондай-ақ бір мандатты депутаттардан жасақталуы заң шығару жұмысының ашықтығын арттырып, сайлаушылармен кері байланысты күшейтті. Олар Үкімет мүшелеріне жолдаған депутаттық сауалдарында азаматтардың өзекті мәселелерін көбірек көтере бастады. Депутаттар қоғамдағы, соның ішінде өңірлерге жасаған сапарлары кезінде жинақтаған проблемалар бойынша жауапты министрліктер басшылығының алдына бірқатар нақты мәселе қойды. Жылу электр орталықтарын және жылумен қамтамасыз ету желілерін жаңғыртуға ерекше назар аударылды. Қазіргі таңда мәжілісмендер өңірлерде халықпен кездесулер өткізіп жатыр. Сапар барысында Мәжілістің келесі сессиясында қаралатын Су, Бюджет, Салық және Қала құрылысы кодекстерінің жобалары бойынша талқылаулар ұйымдастырылып, ұсыныстар жинақталады.
Цитата: ҚР Парламенті Мәжілісінің VIII шақырылымының I сессиясы басталғаннан бері депутаттардың қарауында болған 82 заң жобасының 20-на мәжілісмендер бастамашылық жасады.