Депутаттар қазақ-өзбек шекарасындағы бекет жұмысымен танысты

Қазақ-өзбек шекарасындағы автокөліктерге арналған 8 өткізу бекетінің бірқатары күрделі жөндеуге байланысты жабық тұр.

Әзірге бар ауыртпалық «Жібек жолы» пунктіне түскен. Ондағы көлік пен халық нөпірі тәулік бойы толастамайды. Биыл 7 айда шекараны 5 млн 300 мың адам кесіп өткен. Мәжіліс депутаттары мәселені көзбен көріп, үкіметке жеткізу үшін өткізу пунктіне арнайы барды.

Рауан Мыңбаев, тілші:

- «Жібек жолы» өткізу пунктінің қызметін кейінгі 4 жылда 22 млнға жуық адам қолданған. Оның ішінде тек Қазақстан мен Өзбекстан азаматтары емес, үшінші мемлекеттің өкілдері, яғни шетелдік туристер де бар. Алайда кіреберістегі ахуалдан бастап, жалпы кеден бекетінің жұмысы көңілге кірбің ұялатады. Мұнда қарапайым санитарлық жағдай жоқ. Ана мен бала бөлмесі түгілі, талапқа сай дәретхана салынбаған. Көше саудасы бей-берекет жүріп жатыр. Жергілікті әкімдік не полиция азаматтар мен такси жүргізушілері арасында жиі болатын ерегіс пен төбелесті тиюға қауқарсыз. Бұған қатысты депутаттарда халықтың арыз-шағымы көп.

Арайлым Мұхамеджанова, шекарадан өтуші:

- Кірген кезде жағымсыз иіс, дәретханалар, соларды жөндесе екен. Жол, машинамен келгенде ыңғайсыз болды. Одан кейін кірген бетке кондиционер орнатса.

Елдің оңтүстік кіреберіс қақпасы күрделі жөндеу көрмегелі бірнеше жылдан асты. Кеден органдары қаржыландыру мәселесі шешімін таппай келе жатқанын алға тартады.

Өткізу пункті тек 2025 жылдан кейін кешенді жаңғырту жоспарына енген. Алайда Мәжіліс өкілдері мәселені бұлай кейінге қалдыруға болмайтынын айтып отыр. 

Мұқаш Ескендіров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Әлі 22 жыл қолданылып келе жатқан бағдарлама екен. Бүркіт деген. Әлі видеоамераны қолға ұстап, қызмет көрсетіп жатыр. Бұл өткен ғасырда қалған. Біздің міндетіміз осыны түзету. Қыркүйектен бастап мәжіліс жұмысын бастайды. Сол кезде осыны қайтадан ыңғайлы жасату, уақытын азайту. Мына жерде халық өтетін жерге 1-2 метр қалдырған. Ал мына жерде қақ ортасында салықсыз сауда жасайтын орын жасап қойған. 

Кеден бекетінің қызметіне қатысты сын-ескертпе де жетерлік. Мұнда азаматтардың құжат тексеру уақыты ұзаққа созылады.

«Мәселе құжат тексеру жүйесінің электронды әдіске көшпеуінде», - дейді шекарашылар. Салыстырмалы түрде Өзбекстан тарапында сканер және бет-әлпетті тану технологиясы әлдеқашан енгізілген. Онда азаматтардың төлқұжатын шекарашылар емес, арнайы аппарат тексереді. 

Болатбек Нажметдинұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Өзбекстанмен салыстыратын болсақ, бізде ұят жағдай. Неге бізде ондай жоқ. Тек қана осы Жібек жолы емес, неге шекаралық бекеттің бәрінде орналаспаған. Батыстағы, солтүстіктегі, шығыстағы шекарамыз. Және мына әуе, әуежайда халық осы қызметті тез арада, сапалы пайдаланса екен деп ойлаймыз. 

Өткізу бекетінің өкілдері қалыптасқан жағдайды реттеу үшін өз ұсыныстарын да жеткізді. Олар шетелдік нөмірлі көліктерден экологиялық немесе басқа да алым түрлерін жинауды ұсынып отыр. Мұндай тәжірибе Өзбекстан тарапында қолданылады. Салықтан түскен қаражат ғимарат жайын жақсартуға, тіпті жөндеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік берер еді. Яғни бюджетке жиі қол жаю тыйылады. 

Депутаттар барлық мәселе мен шешу жолдарын үкіметке жеткіземіз деп сендірді.

Рауан Мыңбаев