Президенттің Вьетнамға сапары аяқталды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Вьетнам социалистік республикасына жасаған 2 күндік ресми сапары аяқталды.

Мемлекет басшысы Вьетнам президентімен бірге бірнеше өндіріс нысанын аралады және 12 маңызды құжатқа қол қойып, бірқатар жоғары деңгейдегі кездесулер өткізді.

Вьетнам - өндірісі өркендеген ел. Еңбекқор халқы сан саланың дамуына сеп болып отыр. Қазір мұнда жеңіл өнеркәсіптен бастап машина жасау саласына дейін жолға қойылған. Электроникасы мен заманауи технологиясы да көптеген елдің кәдесіне жарап жүр. Тарихы терең Вьетнам қолөнерден де кенде емес екен.

Солардың бірі – керамика ауылы. Туристердің сүйікті орнына айналған бұл аумақта ежелгі вьетнам әдісі бойынша керамикалық бұйымдар жасалады. Президент нысанды аралап, арнайы станокта қыш құмыра жасап көрді. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев, құрметті қонақтар кітабында жазба қалдырды.

Мемлекет басшысы одан соң жаһандық ауқымдағы технологиялық инновациялық кәсіпорынның бір бөлігі саналатын Goertek өндіріс кешенінің жұмысымен танысты.

Президент нысанды аралап, өндіріс процесімен және кәсіпорында қолданылатын технологияларды көрді. Компания акустика, оптика, микроэлектроника, интеллектуалды құрал-жабдықтар, смарт-гарнитуралар, ақылды тұрмыстық техникалар мен басқа да жоғары технологиялық өнімдер шығарады. Мұнда 100 мыңнан астам адам еңбек етеді. Кәсіпорынның жылдық орташа табысы 2,8 миллиард доллар.

Президент барған келесі нысан – банкомат шығаратын зауыт. Кәсіпорын жаңа үлгідегі банкоматтардан бөлек автоматты касса аппараттарын жасап, қаржы саласына қажетті бағдарламалар әзірлейді. Нысанның өндіріс желісімен танысқан Мемлекет басшысы қаржы технологиясы саласында тәжірибе алмасу қажет екеніне назар аударды.

Осы тұста айта кету керек, Вьетнаммен жасаған 12 келісімнің арасында аталған компания да бар.

Марат Қарабаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

- Жалпы Вьетнам полупроводниктер шығаратын әлеуеті бар ел. Ал оларға керекті сирек кездесетін металдар болады. Бізде никель, кобальт және литий қорлары бар. Соны әрі қарай игеріп, дамытуды сол компаниямен бірлесе жүзеге асырамыз деп жоспарланып отыр.

Өндіріс ошақтарынан соң Президент Провинциялық комитеттің хатшысы, Ұлттық жиналыстағы Бакнинь провинциясы депутаттары делегациясының басшысы Нгуен Ань Туанмен кездесті.

Осымен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Вьетнам социалистік республикасына жасаған 2 күндік ресми сапары аяқталды. Сапар барысында 12 маңызды құжатқа қол қойылып, бірқатар жоғары деңгейдегі кездесу өткізілді. Қазақстан тарапы Вьетнамның озық технологиялы зауыт, фабрикаларымен тәжірибе алмасты. Ал мұның барлығы Қазақстанның экономикасын еселеу үшін ауадай қажет.