Президент Халықаралық ұйымдарды күш біріктіруге шақырды

Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен БРИКС-ті бірқатар бағыттар бойынша күш біріктіруге шақырды.

Бүгін Президент 15-ші БРИКС саммиті аясында өтіп жатқан мемлекет басшыларының диалогы отырысында сөз сөйледі.

Онда қазақ басшысы Шанхай ынтымақтастық ұйымы, БРИКС және БРИКС Плюс құрамындағы елдер цифрлық орта, электрондық коммерция, киберқауіпсіздік салаларындағы әлеуетті біріктіріп, ақпарат алмасуды кеңейткені жөн деді. «Солтүстік-Шығыс» пен «Шығыс-Батыс» көлік дәліздеріне қатысты экономикалық, сауда, көлік және инвестициялық жобаларды бірлесе жүзеге асыруға шақырады. Қасым-Жомарт Тоқаев аса маңызды «Бір белдеу – бір жол» бастамасын толықтыратын Транскаспий халықаралық көлік дәлізі сауда саласындағы ынтымақтастыққа кең мүмкіндік ашатындығын айтып, бұндай әріптестік өңіраралық сауда-саттықтың дамуына септігін тигізетіндігін жеткізді.

Өз сөзінде Мемлекет басшысы климаттың өзгеруіне де баса назар аударды. Соңғы бірнеше жылда Оңтүстік және Орталық Азия елдерінде қуаншылық белең алып, табиғат апаттар жиілеп кетті. Осыған орай Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымында 2024 жылды «Экология жылы» деп жариялауды ұсынып, осы өзекті проблеманы шешу жолындағы ортақ күш-жігерді ұйымдастыруға дайын екенін білдірді. Президент бұл бастама БРИКС-ке мүше мемлекеттер тарапынан да қолдау табады деп үміттенетіндігін айтты.