Жолдаудағы міндеттер БҰҰ мақсаттарымен үйлесім тапты

Қазақстан мен БҰҰ-ның Еуропалық экономикалық комиссиясы көп салада берік ынтымақтастық орнатқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Атап айтқанда, энергетика мен су ресурстарын дамыту, көлік және цифрландыру бағытындағы әріптестік жанданып келеді. Алдағы уақытта да бірлесіп атқаратын жобалар көп.

Қазақстан – БҰҰ-ның трансшекаралық сулар бойынша конвенциясына қосылған елдің бірі. Бұл біздің мемлекет пен Еуропалық экономикалық комиссия арасында тығыз ынтымақтастық орнаған басты сала саналады. Сарапшылар Конвенция мақсаттары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа Жолдауында айтқан міндеттерімен өте жақсы үйлескен дейді.

Татьяна Молчан, БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының атқарушы хатшысы:

- Қазақстан – осы Конвенцияны жүзеге асыруға көмектесіп жатқан көшбасшы елдің бірі. Менің ойымша, сіздің елдің тәжірибесі көп мемлекетке пайдалы болмақ. Себебі Қазақстан бұл салада Орталық Азияда ғана емес, БҰҰ-ның Еуропалық экономикалық комиссиясы аймағында да жетекші рөлге ие.

Энергетиканы дамыту саласында да тараптар көптеген бірлескен жобаны қолға алған. Татьяна Молчанның айтуынша, қазір электр қуатын пайдалану бойынша тиімділікті арттыру мен жаңғыртылатын қуат көздерін дамытуға күш салу қажет.

Татьяна Молчан, БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының атқарушы хатшысы:

- Мәселен, ғимараттарда электр энергиясын үнемдеу шарасын алайық. Бұл бағытта бізде жаңғыртылатын қуат көздерін қолдану бойынша бірлескен жобалар бар. Соның бірі – ауаға көмірқышқыл газын шығаруды азайту. Қазір осы бағытта жұмыс жасап, бірқатар жобаны талқылап жатырмыз.

БҰҰ-ның Еуропалық экономикалық комиссиясы атқарушы директорының айтуынша, ұйым Қазақстандағы реформаларды терең зерделеп, мұқият бақылап отыр. Өйткені бір мемлекеттегі көрсеткіштердің артуы бүкіл аймаққа оң ықпал етеді, - дейді.

Авторлары: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов.