Президент: Қазақстан спорт державасы болуға тиіс

Қазақстан спорт державасы болуға тиіс. Елге білімді, белсенді және ақылды жастар қажет. Мемлекет басшысы осылай деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысына сапары аясында ең ірі спорт кешеніне барды. Сосын Сүлеймен Демирел атындағы университеттің студенттерімен кездесті.

Бұл – ТМД-дағы ең ірі спорт кешендерінің бірі. Халықаралық стандартқа сай салынған нысан 2300 спортшыға арналған. Бірер күн бұрын спорт саласының екі тізгін, бір шылбырын қолға алған Ермек Маржықпаев министр ретінде Мемлекет басшысына алғашқы баяндамасын жасады. Мұнда оқу-жаттығу сабақтарын, емдеу-сауықтыру шараларын, халықаралық және республикалық жарыстар өткізуге арналған 9 жабық спорт ғимараты орналасқан. Енді осы жерде спорттың 23 түрі бойынша олимпиадалық резерв пен ұлттық құрама командаларын даярлау жоспарланып отыр.

 

Қ. Тоқаев: Елге ақылды жастар қажет

Елдің даңқын асыратын тек спорт емес. Ғылым, білім де кенже қалмауы керек. Сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Сүлеймен Демирел атындағы университетке барды. Президент университетті одан әрі дамыту стратегиясымен және жоғары оқу орнының білім беру, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен танысты.

Қазір мұнда 8500-ден астам студент оқиды. Орталық Азия, Қытай, Ресей, Моңғолия, Индонезия, Ангола азаматтары бар. Мәселен, бұл – Ферейра Элиша есімді жігіт. 4 курстың студенті. Қазақ тілін меңгерген. Тіпті қазақ болып кеттім деп әзілдеді. 

Мемлекет басшысы сөз соңында қазір білекке емес, білімге сенетін заман екенін айтты. Елге ақылды жастар қажет деді.

Авторы: Қорған Қонысбайұлы.