Қ.Тоқаев: Мемлекет кәсіпкерлерге көмектесуге міндетті

Мемлекеттік аппарат әрбір бизнесменге заң бұзушы ретінде қарамауы керек.

Мұндай ұстаным, түптеп келгенде, басқарудың репрессивті сипатына алып келеді. Ал кәсіпкерлер «шағымданушы» немесе «қолдауға мұқтаж» рөлінде көрінбей, мемлекеттік аппараттың теңқұқылы серіктесіне айналуға тиіс. Бүгін Ақордада бизнес өкілдерімен кездесу өткізген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Жиында мемлекет басшысы Әділетті Қазақстанның жаңа экономикалық моделін қалыптастыру жолында кәсіпкерлер белсене атсалысу қажеттігін де атады. Сондықтан, салада қордаланған мәселелерді талқылап, алдағы міндеттерді айқындап алу керек. Бүгінде бизнесмендердің соттарға, құқық қорғау және салық органдарына, жергілікті билікке қатысты шағымдары азаймай тұр. Бұл ретте бизнес тарапынан да салықтан жалтару, капиталды жылыстату, мемлекеттік қолдауға ие болған кезде алаяқтық жасау фактілері жиі ұшырасады. Еңбек ұжымдарының құқығын таптау жағдайлары да кең таралған. Осының салдарынан екі тарап әрдайым бір-біріне сезіктене қарап, кінә артуға дайын тұрады - дейді, Президент. Сол себепті Заң үстемдігін және жеке меншіктің қорғалуын қамтамасыз ету қажет.

Цитата:

Бұл – кәсіпкерлікті дамытудың және инвестиция тартудың негізгі шарты. Алайда оны мүлтіксіз сақтау үшін жүйедегі бірқатар түйткілді шешу қажет. Мәселен, бақылаушы органдар мен соттар заң бұзушылықтың формальды белгілерін анықтаған кезде, оның мән-жайын тексеру қағидатын басшылыққа алмайды. Кәсіпорын қызметіндегі кез келген, тіпті болмашы қателіктің өзі көбіне қылмыс сияқты қаралады. Нәтижесінде еліміздің экономикасы ұдайы қылмыстық-құқықтық қысымға ұшырайды. Осы жиынға қатысып отырған құқық қорғау органдарының басшылары бұл мәселеге айрықша назар аударғаны жөн. Бизнестен күштік құрылымдардың әрекеттеріне қатысты арыз-шағымдар толассыз түсіп жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті

Қ.Тоқаев: Салықтың 80% 260 компания төлейді

Сондай-ақ, Президент елдегі салықтың 80 пайызын 260-қа жуық компания төлейтіндігін де айтты. Бұл теңгерімсіздікті басқа төлеушілердің салықтық түсімін арттыру арқылы түзету керек. Сарапшылардың бағалауына сәйкес, елімізде жұмыспен қамтылған жалпы халықтың 4 миллионы табысынан ешбір төлем аудармайды. Жеңілдетілген салық режимі енгізілгеніне қарамастан, микро және шағын бизнес субъектілері табысын жасырып, ақша айналымын азайтып көрсетеді. Бизнес субъектілерінің 70 пайызға жуығы жеңілдетілген декларацияда 5 миллионнан аз табыс көрсетіп, осы режим аясындағы түсімдердің 6 пайызын ғана төлейді. Енді бұндай кем-кетіктерді ретке келтіріп, белсенді салық төлеушілерді көбейту керек. Ал тиісті заңнамадағы өзгерту жұмыстарын созбалаңға салуға да болмайды деді мемлекет басшысы.