Парламентаралық байланыс бекемдей түспек

Қазақстан нарықтық экономика мен демократияландырудың даму қарқыны бойынша Орталық Азияда көш ілгері.

Бұл туралы Оңтүстік Кореяның Ұлттық ассамблея спикері Ким Джин Пё мәлімдеді.

Владислав Цой, тілші:

- Корея мен Орталық Азия елдері арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына биыл 31 жыл.  Алайда Парламент спикерлері арасындағы мұндай ауқымды шара алғаш рет өткелі отыр. Кездесуде парламентшілер алдағы 30 жылдағы ынтымақтастық бағыттарын талқылап, елдер арасындағы байланысты бекемдейді.

Кездесу қарсаңында Корея Парламентінің спикері Ким Джин Пё біздің түсіру тобымызбен кездесуді жөн көрді. Өйткені, «Хабар» агенттігі Оңтүстік Кореяда өкілдігі бар Орталық Азияның жалғыз бұқаралық ақпарат құралы. Төраға қазақстандық кәсіпкерлер мен мемлекеттік тұлғалар аймақтағы басқа елдерге қарағанда Сеулге жиі келетінін атап өтті.

Ким Джин Пе, Корея Республикасының Ұлттық ассамблея төрағасы:

- Орталық Азиядағы 5 елдің ішінде Қазақстан Оңтүстік Корея тәжірибесін ең жақсы қолданып экономиканы және демократияландыруды дамытуда. Біз бұл салаларда стратегиялық серіктеспіз. Қазақстанның корей компаниялармен ынтымақтастығы өңірдегі басқа елдермен салыстырғанда нарықтық экономиканың жақсы дамығанын көрсетеді. Қазақстандық кәсіпкерлер техникалық кадрларды және басқарушы компанияларды даярлауда үлкен жетістіктерге жетті.

Ким Джин Пёның пайымынша, екіжақты ынтымақтастықтың жаңа бағыты Кореяда Қазақстан үшін кадрларды даярлау болады. Парламент басшысы қазақстандықтарға жұмыс визасын беру туралы келісімнің дайындалып жатқанын айтты.

Ким Джин Пе, Корея Республикасының Ұлттық ассамблея төрағасы:

- Кореяда 5 мыңға жуық Қазақстан азаматы аянбай еңбек етуде. Бұл біздің экономикамызға үлкен қолдау, өйткені біз жұмыс күші тапшылығын бастан кешіріп жатырмыз. Елге оралғанда, олар қазақстандық компанияларға пайдалы және елдеріміз арасындағы алтын көпір бола алады.

Оңтүстік Корея мен Орталық Азия елдері парламент спикерлерінің кездесуі 19 қыркүйекте өтеді. Алдағы уақытта мұндай басқосуларды дәстүрге айналдыру жоспарда бар.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян