Президент БҰҰ саммитіне қатысты

Геосаяси қақтығыстарға байланысты шиеленіске түскен қазіргі жаһандық сын-қатер біздің ұжымдық күш-жігерімізге нұқсан келтіріп отыр.

Бұл кедергілерді еңсеруге жекелеген мемлекеттің шамасы жетпейді. Президент осылай деді.
Мемлекет басшысы Нью-Йоркте Біріккен Ұлттар Ұйымының Орнықты даму мақсаттары жөніндегі саммитіне қатысты. Алқалы жиында Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше ұсыныс айтты. Соның бірі - Қазақстанда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Аймақтық хаб құру.

Күні де, түні де дамылдамайтын Нью-Йорк. АҚШ-тың осы алып қаласында күзде қарбалас. БҰҰ бас штаб пәтері жыл сайын қыркүйекте әлем елдерінің басшыларын қарсы алады. Жиһанның саяси элитасы ұйым мінберіне шығып, сөз сөйлейді. 

Қорған Қонысбайұлы:

- БҰҰ қазір қиын да, қилы кезеңді өткеріп жатыр. Дүрдараз елдер көбейді. Бітпейтін қақтығыс. Жуан елдер бір-бірімен бәсеке. Ал, мұны тоқтатуға ұйымның дәрмені жете ме? Бұл хақында әр елдің басшысы өз пікірін ортаға салды, ұсыныс айтты.

Мемлекет басшысы бас ассамблея сессиясының алдында Орнықты даму мақсаттары жөніндегі саммитке қатысты. Қатысып қана қойған жоқ, Мажарстан Президенті Каталин Новакпен бірге көшбасшылар диалогының бірінші сессиясына төрағалық етті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Геосаяси қақтығыстарға байланысты шиеленісе түскен қазіргі жаһандық сын-қатерлер біздің ұжымдық күш-жігерімізге нұқсан келтіріп отыр. Бұл кедергілерді еңсеруге жекелеген мемлекеттің шамасы жетпейді. Әлемдік қоғамдастықтың бірлігінің арқасында ғана елеулі жетістіктерге қол жеткізе аламыз.

Қ. Тоқаев: Аймақтық хаб құруды ұсынды

Қазақстан үшін орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу – ұлттық басымдық. Осылай деген Мемлекет басшысы  болашаққа белсенді түрде инвестиция құйып отырмыз деді.

Ел бюджетінің 80 пайызы орнықты даму мақсаттарына сай келеді. Президент: «біз тегін білім алудың және денсаулық сақтаудың баршаға қолжетімді болуын қамтамасыз етеміз» деді. Бірақ, дара жүріп даму мүмкін емес. Қасым-Жомарт Тоқаев тараптарды бірлесе жұмыс істеуге шақырды. Ұсыныс айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Өзара ынтымақтастықты нығайту үшін аймақтық деңгейде «Біртұтас БҰҰ» қағидатын күшейту қажет. Сондықтан біз Қазақстанда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі Аймақтық хаб құруды ұсынамыз. Ол БҰҰ-ның аймақтағы жобалық қызметін тиімді үйлестіруді қамтамасыз етеді.

Президент: Біз бірігуіміз қажет

Осыдан соң Президент халықаралық қаржы саласына тың серпін беруді ұсынды. Бұл жүйе тек таңдаулы елге емес, барлық мемлекетке теңдей ықпал етуі қажет деді. Экология, білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы проблемаларды шешу үшін көп қаражат керек. Сондықтан қазақ президенті БҰҰ-ның басшылығымен техникалық қолдау, ғылыми зерттеулер және қауіп-қатерлерді бағалау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға шақырды. Сонда ғана мына заманның сын-қатеріне төтеп беруге болады.