Қостанай облысында 4 аудан және 1 қала әкімін халық таңдайды
Қостанай облысында 4 ауданда әкім сайланады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Саяси науқаннан Рудный қаласы да тыс қалмайды. Шешім облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында қабылданды. Қазір үміткерлер ұсынылып жатыр.
5 қараша күні Қостанай облысының Алтынсарин, Денисов, Қарабалық, Федоров аудандарында және Рудный қаласында әкім сайланады. Үміткерлерді ұсыну 10 қазан күні 18:00-де аяқталады. Олар содан кейін барып қана үгіт-насихат жұмыстарына кірісе алады.
Александр Малашко, облыстық сайлау комиссиясының төрағасы:
- Конституциялық заңға сәйкес ауылдық округ, аудан, қала әкімі атанғысы келетін үміткерлердің сайлау қоры болмайды. Олар үгіт-насихат жұмыстарын мемлекет бөлген қаржымен жүзеге асырады.
Сайлау күні өңірде 5 аумақтық комиссия жұмыс істейді. Дауыс беру 194 учаскеде жүзеге асады. Бұл жолғы саяси науқанға қатысу мүмкіндігіне 130 мыңнан астам тұрғын ие болып отыр. Соның басым бөлігі Рудныйда.
- Менің пікірімше, әкімдерді сайлау арқылы біздің өміріміз жақсара түседі. Өйткені таңдауды тұрғындардың өзі жасайды ғой.
- Мен – саясаттан алыстау жүретін адаммын. Онымен сол саланы жетік білетін мамандар айналысқаны абзал.
- Әкімді халық сайлағаны өте дұрыс. Өйткені әкім сол халық үшін жұмыс істейді емес пе?! Сондықтан таңдау құқы тұрғындарға берілгені – құптарлық іс.
Сайлау комиссиялары саяси науқан басталардан 20 күн бұрын, яғни сайлаушылардың тізімін ала салысымен іске кіріседі.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Артём Грапов, Сергей Трахтенберг.