Ерлан Қошанов Сеулде Корея премьер-министрімен кездесті

Қазақстан Оңтүстік Кореяның өңдеу өнеркәсібі, энергетика, банк және IT секторларын дамытудағы тәжірибесіне қызығушылық танытып отыр.

Болашақта аталған салалар бойынша біріккен жобалар дайындауға дайын. Бұл туралы Оңтүстік Кореяға сапармен барған Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов мәлімдеді. Сеулде Орталық Азия және Корея парламенті спикерлерінің тұңғыш конференциясы өтті.

Парламент Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов сапарының алғашқы күні Корея Республикасының Премьер-Министрі Хан Док Сумен кездесті. Тараптар елдер арасындағы байланыстарды бағамдап, ортақ ойларымен бөлісті. Бүгінгі таңда Корея еліміздің ірі инвесторларының алтылығына енеді. Өткен жылғы тауар айналым рекордтық 6,5 миллиард долларға жетті. 

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

- Ынтымақтастығымыздың өзекті мәселелер қатарында климаттың өзгеруіне қарсы күрес қоршаған ортамен био алуан түрлілкті сақтау су ресурстарын соның ішінде трансшекаралық ресурстарды тиімді пайдалану мен қорғауға тиіс. Осы саладағы проблемаларды тиімді технологиялармен корей мамандарының тәжірибесін пайдалана отырып бірлесе шешуіміз қажет деп есептеймін.    

Айгүл Құспан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Біздің Президентіміз айтып кеткендей, ол Қазақстанды ай-ти мемлекетіне, ай-ти еліне айналдырғысы келеді. Мынау енді Корея бұл жағынан ең лайықты ел. Өйткені бұл жерде ай-ти технологиялар өте қатты дамыған. 

Владислав Цой, тілші:

- Парламент спикерлеріне Орталық Азия мен Оңтүстік Корея елдерін байланыстыратын көне олжалардың суреттері көрсетілді. Мысалы, бұл қанжарлар қазақтың Бурабайында және корейлік Кёнджуда табылды. Тарихшылардың айтуынша, алтын қанжар Қазақстанда жасалып, Кореяға 1500 жыл бұрын жеткізілген. Бұл екі елдің аумағында тұратын халықтардың бір-бірімен белсенді сауда-саттық жүргізгенін білдірсе керек. 

Үзілісте конференцияға қатысушылар Қазақстанда жасалған өнімдерден дәм татты. Ал Корея парламентінің спикері Ким Джин Пё алғаш рет қымыз ішіп көрді. 

Камила Маутова, Сеул тұрғыны:

- Тәттілеріміз ерекше, өйткені біз көшпелі халықпыз сондықтан қазақтар көп сақталатын өнімдерді әзірлеуді білген. Құртты ұзақ сапарға өзіңізбен бірге ала аласыз. Шайды әзірлеу де ерекше. Яғни, қазақтар біріншіден сүтті құяды, сосын шай жапырақтарын, одан кейін қайнаған су құяды. 

Кореяда мыңдаған отандасымыз білім алады. Ерлан Қошанов Сеул ұлттық ғылым және технология университетінде оқитын қазақ студенттерімен кездесті. Жақында бұл білім ордасының  Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата университетінде филиалы ашылады. Онда жасанды интеллект мамандары дайындалады.

Владислав Цой, Ольга Лян