Қ.Тоқаев БҰҰ БА сессиясында өзекті мәселелерді көтерді
БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясында Қасым-Жомарт Тоқаев өзекті мәселелерді көтерді.
Ол қандай мәселелер? Президент қандай ұсыныстар айтты? Бұған сарапшылар не дейді?
Бүгінде адамзат үшін ресурстардың шектеулі екенін ескерсек, Президенттің БҰҰ Бас Ассамблеясының мінберінен көтерген тақырыптарының өзектілігі зор. Сарапшылардың айтуынша, мәселе тек табиғи ресурстар жайлы ғана емес. Бұл жерде қаржылық қор да аса маңызды. Адамзат ақша табу ғана емес, оны тиімді пайдалану жағына да көңіл бөлу керек. Президенттің қаржы архитектурасы және Орта Азия елдеріндегі тұрақты даму бойынша хаб құру туралы ұсынысы өзекті. Сарапшылар Қасым-Жомарт Тоқаев әсіресе Орта Азия елдерінің бірігу қажеттігін осымен бірнеше рет көтеріп отырғанын айтады.
Бақытгүл Хамбар, Экономикалық зерттеулер институты тұрақты даму мақсаттары жөніндегі хатшылықтың директоры:
"Жалпы адамзатқа тұрақты даму дегеннің өзі не десек, қарапайым сөзбен айтқанда, бұл біздің өмір сүруімізге жағдай жасау. Тұрақты дамудың бір мысалы - таза су. Ол қарапайым адамның денсаулығы үшін керек. Ал екінші жағынан таза су болмаса, дені сау емес адам ертең қоғамға белсенді қуатты еңбек күші бола алмайды. Қоғамда белсенді еңбек күші жоқ болса, біз экономиканы ары қарай дамыта алмаймыз. Сәйкесінше олар бір-бірімен тығыз байланысты. Сондықтан тұрақты даму дегеніміз біздің күнделікті өміріміз. Күнделікті өміріміздің дамуының мызғымас құламас негізін жасау".
БҰҰсессияларының маңызы зор. Оған бірнеше себеп бар дейді сарапшылар. Бұл мемлекет басшылары үшін саясат, экономика мен энергетикалық қауіпсіздік тақырыптары бойынша өз бағдарламаларын таныстыру үшін әрі нақты бір мәселелер бойынша өз ұстанымын жеткізу үшін қолайлы алаң. Сонымен қоса мұндай сессиялар аясында мемлекет өкілдері жеке кездесіп, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстар бойынша екіжақты ынтымақтастықты нығайту жағын талқылай алады.
Асқар Нұрша, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директорының орынбасары:
«Президенттің Нью-Йоркке сапары мен БҰҰ Бас Ассамблеясында сөз сөйлеуі осы іс-шара аясында екі жақты кездесулер өткізу үшін жақсы мүмкіндік. Сондықтан әдетте дайындық кезеңінің өзінде-ақ дипломатиялық арналар арқылы ынтымақтастығызды нығайтуға мүдделі мемлекеттермен осындай кездесулер ұйымдастыру жағы пысықталып жатады».
Президенттің мұндай отырыстарға қатысуы Қазақстанның жаһандық үдерістерден қалыс қалмай келе жатқанын көрсетеді. Бұл еліміздің одан әрі өркендеуіне ықпал етеді. Өзге елдермен жақсы қарым-қатынасты сақтауға көмектеседі. Түптеп келгенде, мұндай кездесулердің барлығы Қазақстан халқының мүддесі үшін ұйымдастырылып отыр дейді сарапшылар.
Жұлдыз Атагельдиева, Зәуреш Думанқызы