«Ауыл» партиясы қоғамдық қабылдау өткізді
Мәжіліс депутаттары Парламент қабырғасынан тыс қоғамдық қабылдау жүргізіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Алғашқылардың бірі болып «Ауыл» партиясының фракциясы бастады. Депутат Анас Баққожаев бүгін агроөнеркәсіп кешені, қаржылық сауаттылық, несиелендіру және басқа да әлеуметтік сұрақтар бойынша кеңес берді. Келушілер көкейдегі түйткілді сауалдарына тұщымды жауап алды. Сонымен қатар шалғай елді мекендерден келе алмайтын азаматтар таңғы сағат 9-дан кешкі 6-ға дейін Call-орталықтың 2510 телефон нөміріне немесе бейнеқоңырау арқылы хабарласа алады.
Анас Баққожаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Күзде бидайды ора алмады жаңбырдың әсерінен. Сол бойынша Үкімет шешім қабылдап, былтырғы жылғы субсидияларды төлеу бойынша шешім қабылдаған, 155 млрд теңге бөліп. Бірақ мына лизингтік несиеге алған азаматтар өздерінің қарыздарын биыл төлей алмағаннан кейін келесі жылға созуды сұрап отыр. Сол мәселе бойынша бір мекемеге шағымданған. Мекеме уақытылы көмектесудің орнына «біз бұған жауап бермейміз, бұл басқа мекеменің жауапкершілігі» деп итеріп тастай салған.