Әкім сайлауы: БҚО-да 7 үміткер ұсынылды
Батыс Қазақстан облысында сайлау өтетін 3 ауданда әзірге 7 үміткер ұсынылды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бөкей Ордасы және Тасқала аудандарында 3, ал Қаратөбеде әкім лауазымынан үмітті 1 азамат бар. Егер 5 қазанға дейін аталған ауданда сайлауға түсетін ешкім табылмаса, онда балама үміткерді облыс әкімі ұсынуға құқылы, - дейді облыстық сайлау комиссиясының басшылығы. Үміткерлердің 4-еуі өз-өзін ұсынса, 3-еуін саяси додаға «AMANAT» партиясы қосыпты. Оның екеуі – қазіргі әкім, біреуі – аудан әкімінің орынбасары. Өзге партиялар тарапынан әзірге белсенділік байқалмаған.
Жалпы осы 3 ауданда 29 мыңға жуық сайлаушы бар. Қазір жергілікті сайлау комиссиялары тізімді тексеріп, дайындық жұмыстарын пысықтап жатыр.
Ғайса Қапақов, БҚО сайлау комиссиясының төрағасы:
- Қаратөбеде 19, Бөкей Ордасында 22, Тасқалада 22 учаске бар. Олардың барлығы сәйкестілігін анықтап, сайлау комиссиялары мүшелерінің кәсіби деңгейін көтеру жөнінде тестілеу өткіздік. Сайлау өткізгенде бірде-бір қате жібермеуіміз керек. Мысалы, Орда деген ауданымыз бар, 500-ге жуық мал бағатын нүктелер бар, солардың бәрінде сайлаушылар тұрады. Солардың бәрін қамтуымыз керек.