Депутаттар теріс ағымдарға заңмен тыйым салуды ұсынды
«Діни теріс ағымдарға заңмен қатаң тыйым салатын кез жетті». Осылай деген Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса Премьер-министр мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасына депутаттық сауал жолдады.
Ол: «Дінге, тілге, жерге қарсы теріс ағымның бәріне заңмен тосқауыл қойылуға тиіс», - деді.
Қазыбек Иса, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Құрметті әріптестер, діни радикализмге заңмен қатаң тыйым салатын кез жетті. Өйткені олар ұлтты жою күресін қатты қарқынмен жалғастырып жатыр. Ұлттық мүддеміз бен дәстүрімізге, ел бірлігіне балта шауып, мемлекетке тағы да қатер төндіріп жатқан діни теріс ағымдарға заңмен қатаң тыйым салу қажет.
Премьер-министр мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасына дәл осындай сауалды депутат Ермұрат Бапи де жолдады. Ол: «Теріс ағымдар әсіресе Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Ұлытау, Алматы өңірінде белең алып барады. Бұл өңірлердің шағын бизнесін, әсіресе базар саудасы төңірегін, уахабшылар, салафизм идеясына табынушылар жайлаған», - деді.
Ермұрат Бапи, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Жасыратыны жоқ, мемлекеттік биліктің өз ішінде де уахабизм мен жат ағымдарды насихаттауды қолдайтын жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлер бар деген дерек менің құлағыма жетті. Бұдан 12 жыл бұрын, 2011 жылдың 11 қазанында қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізудің қоғамдық қажеттілігін көтеретін кез келген жоқ па?