Жолдау жаңа мақсаттарға жол ашты
Қазақстан саяси өзгерістерді жалғастыра отырып, жаңа экономикалық мақсаттар қоя біледі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауына қатысты шетелдік сарапшылардың пікірі осындай. Ұлыбританиядағы Винчестер университеті менеджмент кафедрасының доценті Бойдурджо Рик Мукхо падхьяйдің пайымдауынша, реформалар табысты жүзеге асырылған жағдайда ел дамудың жаңа деңгейіне көтеріледі. Мукхопадхьяй мырза Ұлыбритания, Еуроодақ және Қытай үкіметтерінің министрліктерімен, жоғары білім беру орындарымен және талдау орталықтарымен белсенді жұмыс істеп жүрген халықаралық даму және менеджмент ісі бойынша экономист.
Бойдурджо Рик Мукхопадхьяй, Винчестер Университетінің доценті:
- Соңғы жылдары Қазақстанда халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған батыл бастамалар қолға алынғаны және бұл салаға жүйелі түрде инвестиция құйылып жатқаны қуантады. Бұдан бөлек пайдалы қазбалар өндірісіне жауапкершілікпен қарау, банк ісіне қаражат құю, жекешелендіру ісі, жоғары білім беруді халықаралық талаптарға сай ету және елді нығайтатын шағын және орта бизнеске қолдау білдіру жақсылықтың нышаны екендігін атап өткім келеді.