Мемлекет басшысына бір күнде 14 елші сенім хаттарын тапсырды
Президентке сенім хат табыстау әр елшінің мансабындағы ең маңызды сәт.
Дипломатиялық миссия жүгін арқалай келген елшінің достық бейілін білдіріп қана қоймай, сол елдің мемлекет басшысының ресми өкілі ретінде таныстыратын кезең бұл. Ал 14 елшінің бір күнде Мемлекет басшысына сенім хаттарын тапсыруы бұрың-соңды болмаған оқиға.
Джордж Панамтундил бұған дейін Коста-Рика, Ирак, Израиль, Кипр сияқты әлемнің бірқатар елінде консулдық қызметте болған. Ватикан елшісі ретінде тұңғыш рет тағайындалған ол жауапты миссиясын Қазақстаннан бастағалы отыр. Рим папасы Франциск тағайындаған елші келер аптада өтетін діндер съезіне дайындықты бастап кеткенін жеткізді.
Джордж Панамтундил, Ватиканның Қазақстандағы елшісі:
- Қазақстан туралы оқып-білгенім, ол керемет ел. Енді осында тұрып, елдеріңізді тереңірек танитыныма сенімдімін. Қазақстан Азияның бір бөлігі. Менің туған елім Үндістан, ол да Азия елдеріне кіреді. Сол себепті, бұл ел жаныма жақын екені даусыз. Тілін, ділін, мәдениетін үйренуге асықпын. Мен үшін бұл үлкен мәртебе.
Ел аумағынан тыс, басқа мемлекеттерде орналасқан резиденциядан арнайы келген жеті елшінің бірі – уругвайлық Даниель Кастильос Гомес. Уругвай билігінің ресми өкілі Ресей мен Қазақстанда қатар қызмет атқарады. Мәскеуден келген ол, сауда-экономикалық, саяси байланыстардан бөлек, басқа да саладағы ынтымақтастыққа мән беретінін айтады.
Даниель Кастильос Гомес, Уругвайдың Қазақстандағы елшісі:
- Мен білім берудегі, университеттер арасындағы өзара тәжірибе алмасуға ден қоймақпын. Сондай-ақ, энергетика саласындағы серіктестіктің әлеуеті зор. Өйткені климаттың өзгеруіне байланысты орнықты дамудың мақсаттарына бірге қол жетуіміз керек. Қос елде аграрлық мемлекеттер. Бұл салада да өзара тәжірибе алмасайтындай зор мүмкіндік бар. Міне, менің миссиям осы бағыттардағы жұмыстарға серпін беру. Екіжақты байланысты тереңдетуге атсалысатыныма өте қуаныштымын.
Уругвай елшісі сияқты, Эфиопия билігінің ресми өкілі Адем Мұхаммед Махмұд та, Түркиядағы елші қызметін қоса атқарып жүр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа сенім грамотасын тапсырудың салтанатты рәсімін күтіп жүрген ол Анкарадан арнайы ұшып келді. Екі арасындағы алыс-беріс көлемі ауқымды емес, дегенмен мүдделер түйісетін тұсы көп.
Адем Мұхаммед Махмұд, Эфиопияның Қазақстандағы елшісі:
- Эфиопия мен Қазақстан құрлық құрсауындағы мемлекеттер. Бірақ екі елдің де табиғи ресурсы мол. Қос мемлекет те осы саладағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында барлық мүмкіндікті бірге қарастыруы тиіс деп ойлаймын.
14 елшінің бір күнде Президентке сенім хаттарын тапсыруы бұрың-соңды болмаған оқиға. Сыртқы істер министрлігінің өкілдері осылай дейді. Сондықтан, әр елші үшін өміріндегі ең жауапты сәтке егжей-тегжейлі пысықталады.
Асқар Төлепбергени, мемлекеттік протокол қызметінің басқарма басшысы:
- Мысалы, осы елшілер келгеннен кейін біз күн бұрын осында инструктаж өткіземіз. Қай жерде туға иілу, қай жерде лифтке мінеді. Қай точкеге тұрады Ақорданың ішінде, қай точкеден сенім грамоталарын тапсырады. Соның бәрі, бәрі жазылған.
Мәселен, Ақордаға беттейтін дипломатиялық миссия кортежін ұйымдастырудың өз жөні бар. Әр көлікке сенімді өкілін жіберген 14 елдің шағын туы орнатылады. Мемлекеттік протокол қызметі көліктердің айнадай жарқырап тұруын, әр тудың дұрыс орнатылуын қадағалайды.
Асқар Төлепбергени, мемлекеттік протокол қызметінің басқарма басшысы:
- Өйткені, елші Президентке сенім грамотасын тапсырмай тұрып, ол толыққанды Қазақстанда елші болып саналмайды, есептелмейді. Ол тағайындалған елші болып есептеледі. Ал сосын ол толыққанды, өкілетті елші болып есептеледі.
Яғни, Ақордадан қайта шыққанда, әр елшінің көлігіндегі ту көпке паш етіледі. Бұл, елшілер ресми түрде қызметіне кірісті деген сөз. Айта кетерлігі, кортежді бастап барған - Швейцария елшісінің көлігі. Өйткені, бұл мемлекеттің елшісі Қазақстанға бәрінен бұрын жетіп алған. Қазақ жеріне бәрінен ең соңғы болып аяқ басқан Непал елшісінің көлігі көшті түйіндеді. Мемлекеттік хаттама бойынша, Президентке сенім грамоталарын тапсыру рәсімі дәл осы ретпен жүргізіледі.
Авторлары: Бақыт Топтаева, Арман Ақшабаев