Әйелдің бейбітшілік пен қауіпсіздіктегі атқаратын ролі туралы конференция өтті
Биыл Орталық Азия елдері әйел көшбасшылары диалогының төрағалығы Қазақстанның еншісінде.
Осыған орай кезекті отырыс Алматыда өтті. Қазіргі геосаяси тұрақсыздық кезінде шиеленіскен мәселелерді шешуде әйелдердің ролі ерекше. Оған қоса құқықтары ерекше қорғалуы тиіс. «Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» тақырыбында өткен конференцияға Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшелері, диалогқа қатысушы елдердің Парламент өкілдері мен үкіметтік емес ұйымдардың басшылары қатысты.
Еске сала кетейік, бұл жоба Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен құрылып, үш жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде өңірдегі ынтымақтастықты дамыту мен нығайтудың өзекті мәселелерін талқылауға арналған бейресми алаңға айналды. Бүған дейін оған Өзбекстан мен Түрікменстан төрағалық етті. Біздің елімізге де зор үміт артылып отыр.
Үнзила Шапақ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Әйелдердің құқықтары фундаментальді қорғалуы керек. Екінші көтеріліп отырған мәселе бітімгершілік мәселені реттеген кезде әйел адамдар тең құқықты серіктес ретінде қатысуын едәуір жоғарылатуымыз керек. Әйелдер жүрген жерде бейбіт өмір бар. Әйелдер қатысқан жағдайда қандай да бір туындап тұрған мәселені жеңілдетуге мүмкіндік бар.