Қазақстан мен АҚШ-тың әскери әріптестігіне отыз жыл толды
АҚШ Ұлттық Қауіпсіздік Кеңесінің Ресей және Орталық Азия бойынша аға директоры Николас Берлинер Қазақстан аймақтағы экономикалық интеграцияның қозғаушы күшіне айналғанын айтты.
Ол Республика күнімен құттықтап еліміздің қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі қабілетін жоғары бағалады. Әрі оны Ақ үйдің қолдайтынын ерекше атап өтті. Оның сөзінше ресми Вашингтон Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанның экономикалық дамуы мен халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал ететін кешенді реформаларын қолдайды. АҚШ пен Қазақстан гүлденген һәм қауіпсіз Орталық Азияны құру үшін бірлесіп жұмыс істеп келеді, деді. Ал АҚШ ұлттық гвардиясының қолбасшысы, генерал-майор Керри Муэлбек 1993 жылы Аризона штаты мен Қазақстан Қорғаныс министрлігінің арасында қол қойылған серіктестік бағдарламасының 30 жылдық мерейтойына ерекше мән беріп отырғанын айтты. Оның сөзінше қос тарап өзара тәжірибе алмасудан да көп жетістікке жетті.
Керри Муэлбек, Аризона штаты Ұлттық гвардиясының қолбасшысы:
"Осы мерекені халықтың үлкен ықыласпен жаппай атап өтіп жатқанына қарап, олардың тәуелсіздік пен егемендікті басты байлық ретінде қадірлейтінін байқауға болады. Ең маңыздысы, жұдырықтай жұмылған бірліктің барын көремін. АҚШ Қазақстанның өңірлік ынтымақтастық пен қауіпсіздікті нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалайды. Биыл Аризона Ұлттық Гвардиясы мен Қазақстан Қарулы Күштері мемлекеттік серіктестік аясындағы ынтымақтастықтың 30 жылдығын атап өтеді. Осы уақыт аралығында біз бір-бірімізді жақсы таныдық. Бұл тәжірибе алмасудан да маңызды".