Қазақстан мен Өзбекстан арасында парламентаралық ынтымақтастық орнады
Қазақстан мен Өзбекстан парламентаралық ынтымақтастық кеңесінің ортақ ережесін бекітті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бұл құжатқа Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың Ташкентке жасаған сапары кезінде қол қойылған. Тараптар Кеңестің алғашқы отырысын өткізіп, бірқатар өзекті мәселені талқылады. Оның ішінде экспорттық өнімдерді кеденнен еркін алып өту, трансшекаралық су және теміржол тарифтеріне қатысты түйткілдер бар.
Қазақстан мен Өзбекстан арасында Парламентаралық ынтымақтастық кеңесін құру жөніндегі бастама 2021 жылы көтерілді. Енді, міне, тараптар тиісті келісімге қол жеткізіп, алғашқы отырысын сауда-экономикалық, өнеркәсіп кооперациясы және мәдени-гуманитарлық бағыттағы мәселелерге арнады. Бүгін Ташкентте өткен жиынды Мәжіліс спикерлері екіжақты кездесуден бастады. Онда елдер арасындағы интеграцияны дамытуға басымдық берілетіні аңғарылды.
Екі ел жаңа дәуірде тек стратегиялық серіктестік емес, мәңгі достық ұғымын ұстанады. Ал бұл – халықаралық саясатта ең жоғары деңгей. Қазақ пен өзбек бірлесіп, берік ірге, мызғымас экономика қалыптастыруға бет бұрды. Алайда өзара интеграцияны дамытуға кедергі келтіріп тұрған жайттар бар. Оны кезең-кезеңімен шешуге парламентаралық ынтымақтастық септігін тигізуге тиіс.
Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Қазақстан үшін жаңа формат. Ешбір елмен бұндай парламентаралық кеңес жоқ. Сондықтан нәтижесін береді деп ойлаймын. Бүгін біздің тараптан ұнға қатысты, суға, теміржол тарифтеріне қатысты ұсыныс айтылды. Ол енді парламенттер арасында келісім орнауы керек, сосын біз министрлерді соған қарай жұмыс істетуіміз керек. Біздің кәсіпкерлердің талап-тілектері осындай деп.
Президенттер Үкіметке өзара сауда айналымын 10 млрд долларға дейін жеткізу, өнеркәсіп кооперациясын одан әрі нығайту міндетін жүктеді. Өйткені бауырлас елдер азық-түлік, мұнай-газ және кен өндіру саласында бірін-бірі толықтыратын әлеуетке ие. Қазақстан қазба байлығын терең өңдеу ісін өркендетіп жатыр. Тоқыма және тігін кластерін құруға да жағдай жасады. Ал Өзбекстанның бұл салада өзіндік тәжірибесі бар. Ала шапанды ағайын да біздегі біраз дүниені үлгі етпек.
Нуриддин Исмоилов, Өзбекстан Олий Мәжілісі заң шығару палатасының спикері:
- Бауырлас елмен парламенттік деңгейде ерекше ынтымақтастық орнады. Көпжақты байланысымызды одан әрі тереңдетуге және елдеріміз арасында ғана емес, тұтас Орталық Азияда мәңгі тұрақтылық орнауына оң әсер етеді. Бұл алаң маңызды пікір алмасуға және үкіметтеріміз атқаруы тиіс міндеттерді қадағалауға жол ашады.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
- Президенттеріміздің арасында сенімді әрі достық қарым-қатынас орнады. Ол екіжақты байланыстардың барлық бағытына оң әсер етіп жатыр. Қазақ пен өзбектің достығын нығайту жолындағы маңызды оқиға – одақтастық қарым-қатынас жөніндегі декларацияға қол қойылып, келісімнің бекігені болды. Мемлекет басшылары енді парламентаралық ынтымақтастық кеңесіне аталған мәмілені орындауға бақылау жүргізуді жүктеді.
Ішкі және сыртқы саясаттағы серіктестік жалғаса бермек. Қазақстанда парламенттік институт нығайды. Депутаттарды сайлаудың бір бөлігі мажоритарлы жүйемен өтті. Әкімдерді жергілікті халық тағайындайтын оң тәжірибе орнаған. Өзбекстан да келешекте осы жолға түсуді көздеп отыр. Ал көршімізде баяғыдан бар махалля институтын Қазақстан өзіне қолдануға болады. Бұл істі депутаттар терең зерделеп, енгізу жайын қарастырып жатыр.
Дилором Файзиева, Өзбекстан Олий Мәжілісі Халықаралық істер комитетінің жетекшісі:
- Жиын басталар алдында сауда-экономикалық саладағы мәселелерді анықтадық. Парламентте осы түйткілдердің шешілуіне әсер ететін тетіктер бар. Екі ел арасындағы жол карталарын әрбір тармақ бойынша орындауды қолға аламыз. Мәселенің себебін ғана емес, шешу жолдарын да қарастырамыз.
Парламентаралық ынтымақтастық кеңесінің көтерер жүгі ауыр. Алғашқы отырыста сауда-экономикалық қатынасты тереңдету жайы қаралса, енді Алматыда өтетін жиын нақты шешімдер ұсынатын алаңға айналмақ. Басқосу соңында Мәжіліс спикерлері парламентаралық ынтымақтастық жұмысының жолға қойылғанын атап өтіп, оның ортақ ережесін бекітті.
Авторы: Рауан Мыңбаев.