Мәжіліс төрағасы Өзбекстан президентімен кездесті
Ерлан Қошанов Ташкентке сапары аясында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевпен кездесті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Мәжіліс спикері мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сәлемін жеткізіп, елдегі іргелі өзгерістер жайлы айтты. Жиында Парламентаралық ынтымақтастық кеңесі бірінші отырысының қорытындылары мен екі елдің заң шығарушы органдары арасындағы өзара іс-қимылдың қазіргі жайы талқыланды. Сондай-ақ Қазақстан Президентінің Республика күнін мерекелеуге арналған салтанатты жиында халыққа арнаған ауқымды идеологиялық үндеуіне ерекше назар аударылды. Онда мемлекеттің жүріп өткен жолына объективті де тарихи баға берілген еді.
Бүгінде Қазақстан дамудың жаңа кезеңін өткеріп жатыр. Оның діңгегі – заң және құқық үстемдігі. Президентіміз ұстанып отырған басты басымдық – ішкі саяси тұрақтылық пен жалпыұлттық бірлікті сақтау. Сонымен қатар елімізде жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформалардың маңызды мақсаты – әрбір азаматтың әл-ауқатын арттыру. Біз сындарлы сыртқы саясатқа баса мән береміз. Онда Өзбекстанмен одақтастық қатынастарға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл жайт өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтады, – деді Мәжіліс спикері.