Э. Макрон Қазақстанға қандай мақсатпен келді?
Келесі жылы Алматыда қазақ-француз техникалық университеті ашылады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Әрі энергетика бағытында жұмыс істейтін ғылыми зерттеу орталығы бой көтереді. Бүгін елімізге ресми сапармен Франция президенті келді. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмманюэль Макрон Ақордада келіссөз жүргізіп, екіжақты қарым-қатынасқа серпін беруге келісті.
Астана. Қар. Макрон. Ақ дегенді біздің жұрт жақсылыққа балайды. Ендеше алғашқы қармен келген Франция президентінің бұл сапарын біз де жақсылыққа ырымдадық.
Әдетте мұндай кездесуде ресми тұлғалар тек қол алысады. Бірақ бұл жолы басқаша. Екі президент бір-бірін арқадан қағып амандасты. Хош. Бұған дейін Қазақстанға Францияның 3 президенті келген. 1993 жылы Франсуа Миттеран, 2009-да Николя Саркози, 2014-те Франсуа Олланд. Енді алғаш рет қазақ жеріне Эмманюэль Макрон табан тіреп отыр.
Қорған Қонысбайұлы, тілші:
- Былтыр қарашаның соңында Мемлекет басшысы Францияға ресми сапармен барып, сол кезде әріптесі Эмманюэль Макронды Қазақстанға шақырған. Жалпы қазақ пен француздың көп салада байланысы бар. Яғни, арада пысықтайтын мәселе аз емес. Екі президенттің жиі жолығып тұруы да осыдан.
Ақорданың шығыс залы. Шағын құрам. Қасым-Жомарт Тоқаев Макронның елімізге келуін тарихи сапар деп атады. Франция – біздің Еуропа Одағындағы басты серіктесіміз. Байланыс жақсы. Десе де осы қатынасқа әлі қарқын қоса түсу керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Президент мырза, біз үшін бүгін үлкен оқиға. Сіздің сапарыңызды бәріміз құптаймыз. Менің шақыруымды қабыл алып, Қазақстанға ресми сапармен келгеніңіз үшін алғыс айтамын. Қазақстан мен Франция арасындағы ынтымақтастық жақсы дамып келе жатыр. Дегенмен екіжақты қарым-қатынасқа тың серпін беру керек. Сондықтан сіздің сапарыңызды тарихи, өте маңызды деп айтуға болады.
Эмманюэль Макрон, Франция президенті:
- Президент мырза, ресми сапармен келуге шақырғаныңыз үшін алғыс айтамын. Астанаға келіп, сізбен жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Осы сапарды ұйымдастырғаныңызға ризашылығымды білдіремін. Бұл сапар біздің екіжақты серіктестігіміз үшін маңызды жылмен тұспа-тұс келіп отыр. Бүгін біз өзекті халықаралық мәселелер бойынша пікір алмасып, БҰҰ Жарғысын, соның ішінде аумақтық тұтастық, ұлттық тәуелсіздік қағидаттарын сақтауға бейілді екенімізді тағы да нақтылай аламыз.
Макронның маңызды жыл дегені, екі ел арасындағы стратегиялық әріптестік туралы келісімнің қабылданғанына биыл 15 жыл. Франция президенті кеңейтілген құрамдағы келіссөзде түрлі саладағы екіжақты байланысты одан әрі нығайтуға ниетті екенін жеткізді.
Эмманюэль Макрон, Франция президенті:
- Екіжақты экономикалық қарым-қатынастар, соның ішінде ауыл шаруашылығы, энергетика, жаңартылатын энергетика салаларындағы байланыстар алдағы уақытта тың серпінмен дамиды деп ойлаймын. Біз бұрынғы жобаларға да, жаңа бастамаларға да инвестиция салуды қолдаймыз. Бүгін өте өзекті мәселелерді талқыладық.
Франция 2005 жылдан бері Қазақстан экономикасына 18 миллиард доллардан астам қаржы құйды. Сөйтіп, ірі 5 инвестор мемлекеттің біріне айналды. Францияның Орталық Азия елдерімен жасайтын сауда-саттығының 90%-і біздің елге тиесілі. Қазақстанда 170-тен астам франциялық компания мен бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Алыс-беріс те аз емес.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:
- Былтыр өзара тауар айналымы 30%-ке өсіп, 4 миллиард долларға жетті. Биылғы 8 айда екіжақты сауда-саттық көлемі өткен жылмен салыстырғанда 21%-ке артты, яғни 2,7 миллиард долларды құрады.
Екі ел құрылыс, аэроғарыш, фармацевтика, тау-кен және химия өнеркәсібі, машина жасау мен энергетика салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асырып жатыр. Біздің елде Total Energy компаниясымен бірге қуаты 1 ГВт болатын жел паркін салу көзделіп отыр. Парктің электр қуатын сақтайтын құрылғысы да болады. Мұны Энергетика министрі айтты. Осыдан соң Алмасадам Сәтқалиев франциялық компанияның Қазақстанда АЭС салу мүмкіндігіне тоқталды.
Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:
- Осы сапар аясында біздің EDF (Electricite de France) компаниясымен серіктестігіміз талқыланады. Қазір олар General Electric-тің атом электр стансаларына арналған турбиналар өндірісіне байланысты активтерін сатып алу бойынша келісімді аяқтап жатыр. Компанияның бұл салада бірегей тәжірибесі бар. Францияда олар 50-ден астам реакторды іске қосқан. Шетелде де салады. Өздеріңіз білетіндей, EDF Қазақстанда АЭС салуы мүмкін компаниялардың шорт-парағына енген. Егер Франция тарапы келіссөз жөнінде бастама білдірсе, біз оны жүргізуге дайынбыз.
Біз АЭС десек, француздарды уран қызықтырады. Макрон энергетика мен аэроғарыш өнеркәсібін ынтымақтастықтың негізгі бағыты деп атауы да содан. Сарапшы Франция президентінің қазір әлемдегі ең ірі уран өндіруші мемлекет ретінде Қазақстанға зор қызығушылық танытып отырғанын айтады.
Ерсұлтан Жансейітов, Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:
- Францияны айтсақ, бұл елді ең алдымен энергетикалық қауіпсіздік мәселесі қызықтырады. Себебі ондағы энергетиканың 70%-тен астамы уранға тәуелді. Ал уранды француздарға Нигер мемлекеті жеткізіп келген еді. Аталған елде төңкеріс болған соң жаңа үкімет Францияға уран сатуды тоқтатты. Енді ресми Парижге уран жеткізетін тарап керек. Бұл орайда екі нұсқа бар, бірі – Ресей, екіншісі – Қазақстан. Көрші елдегі жағдайға байланысты Франция уран өндіруші ел ретінде бізге қызығушылық танытып отыр.
Бүгінгі келіссөз барысында көп айтылғаны – сауда, экономика және инвестиция. Яғни, алдағы уақытта осы салаларға басымдық берілді. Жекелей айтсақ, шикізат, ауыл шаруашылығы, көлік, логистика, жеңіл өнеркәсіп, денсаулық сақтау, инновация, қаржы секторында жаңа жобалар қолға алынады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бұл әсіресе қазіргі күрделі геосаяси және геоэкономикалық ахуал кезінде аса өзекті. Осы ретте Стратегиялық минералдар саласындағы ынтымақтастық ниеті туралы декларацияға қол қойылды. Сондай-ақ Boehringer Ingelheim, Total Energies, Alstom компанияларымен келісімдерге қол жеткіздік. Оған жаңа ғана өздеріңіз куә болдыңыздар. Бұл келісімдер екі ел үшін де пайдалы болмақ.
Енді гуманитарлық байланыс хақында. Бүгінде Францияда 600-ден аса қазақ студенті білім алып жүр. Тараптар ғылым-білім саласына серпін беруге бейілді. Келесі жылы Алматыда қазақ-француз техникалық университеті ашылады.
Жаңадан құрылатын университет өз алдына, өңірлердегі жоғары оқу орындарында Францияның инженерлік-техникалық кафедралары ашылады. Бұдан бөлек, Алматыда энергетика бағытында жұмыс істейтін ғылыми зерттеу орталығы бой көтереді. Не керек, стратегиялық әріптес саналатын қазақ пен француз қарым-қатынасқа қарқын қоспақ.
Авторлары: Қорған Қонысбайұлы, Жандос Битабаров.