Ә. Смайылов «АрселорМиттал Теміртауға» қатысты пікір білдірді

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясын қайтару туралы шешім мәміле аяқталғаннан кейін бір айдың ішінде хабарланады.

30 қарашаға дейін қайтарудың барлық заңды рәсімін аяқтауымыз керек». Мұны Мәжілістің жалпы отырысынан кейін болған брифинг барысында Премьер-министр айтты. «Біз алдағы 3 жылда кемінде 3 миллиард доллар инвестициялауға дайын жеке инвесторды тартуымыз қажет», - деді Әлихан Смайылов. Инвестор қазақстандық болады деп жоспарланып отыр. Үкімет басшысы мемлекеттің «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамының меншік иесі болу және оған бюджет қаражатын бөлу жоспары жоқ екенін атап өтті. Ал шахтадағы қайғылы жағдайға кінәлілер жауапқа тартылады. Қазір тергеу жүріп жатыр.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

- Былтырғы қараша айында қайғылы оқиға салдарынан 4 кенші опат болған еді. Бұл жағдай бойынша тергеу аяқталды, жауаптылар қазір материалдармен танысып жатыр. Жақын арада олар сотқа жіберіледі. Тамыз айында да қайғылы оқиға болып, тағы 5 адам көз жұмды. Ол бойынша тергеу жүріп жатыр, әлі аяқталған жоқ. Соңғы жағдай бойынша жан-жақты тергеу жүргізіліп, кінәлі адамның бәрі жауапқа тартылады. Кәсіпорындағы жалақы мен жұмыс орындарының сақталуы, барлық әлеуметтік міндеттеменің, оның ішінде кеншілер қаза болғаннан кейін туындаған міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету керек. Олардың толық орындалуын қадағалаймыз.