Түркі мемлекеттері ұйымы саммитіне 10 жыл
Бүгін Астанада түгел тәуелсіз түркі мемлекеттерінің басшылары бас қосады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Биылғы Түркі мемлекеттері ұйымы басшыларының мерейтойлық саммитін ұйымдастыру Қазақстанның еншісінде. Ауқымды шараға ұйымға мүше мемлекеттер – Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан басшылары қатысады. Сондай-ақ саммит жұмысына Мажарстан мен Түрікменстан бақылаушы ел ретінде қатысады.
Түбі бір түркі баласы бүгін «Атажұртта» бас қосады. Ғасырлар өткенімен, бір-біріне бауырлас халықтардың болашаққа деген сенімі нық. Бұл бұрынғыдан ерекше жиын болмақ. Әуелі алқалы жиынның тарихына үңіліп көрейік. Құрылым әу баста «Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі» деп аталған. Кейін «Түркі мемлекеттері ұйымы» болып өзгерді. 2021 жылы Ыстамбұлда өткен саммитте бауырлас елдер басшылары осылай деп өзгертуге келісті. Құрылымға мүше елдер басшыларының алғашқы саммиті 2011 жылы Алматыда өткен. Ал былтыр Самарқанда өткен саммитте келесі жиынның Астанада өтетіні белгілі болды. Түркі әлемінің Атажұрты саналған Қазақстан ұйымға мүше барлық елмен жан-жақты қарым-қатынасты дамытуға айрықша мән береді.
Болат Әуелбаев, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бас сарапшысы:
- Қазіргі алмағайып кезеңде көлік-транзит коммуникациясының әлеуетін арттыру және оның мүмкіндігін барынша пайдалану аса маңызды. Себебі біздің мемлекеттеріміз батыс пен шығысты, солтүстік пен оңтүстікті тікелей байланыстырады. Қазақстан, Әзербайжан, Түркия арқылы өтетін Транскаспий халықаралық көлік дәлізі – соның жарқын мысалы. Сондай-ақ бұл ұйымның халықаралық аренада мәртебесі өсіп келеді. Мұнда көтерілген бірқатар мәселе шешімін тапты.
Түркі ынтымақтастығына ұйытқы болған ұйымдардың тарихын зерделесек, олардың көпшілігіне Қазақстан бастамашы болған. Түріксой, ТүркПА және Түркі академиясы – соның айқын дәлелі. Бұл ұйымдар бауырлас елдердің мәдени-рухани жақындасуына өлшеусіз үлес қосып отыр. Әсіресе кейінгі жылдары ұйым аясындағы байланыстар нығая түскен. Қазақстанның Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдермен өзара тауар айналымы да арта түсті. Дәлірек айтқанда, 2010–2022 жылдар аралығында еліміздің ұйымға мүше елдермен арадағы тауар айналымы 3 есе өсті. Сөйтіп, 4,5 млрд долларлық көлемнен 12,9 млрд долларға жетті. Мәселен, жақында ғана еліміздің Парламенті Түркі инвестициялық қорын құру туралы келісім ратификациялады. Бұл дегеніміз түркі мемлекеттерінің экономикалық дамуына маңызды серпін берілмек.
Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Осы кезге дейін Түркі ұйымы мәдени, тарихи және тілдік басқада салада қаралған болса, енді шын мәнінде бір-біріне ықпал ететін, бір-біріне көмек көрсете алатын қаржылық ұйымдар да қажет деген келісімге келді. Бұл осы мемлекеттер бір-біріне ортақ жарна төлейтін ортақ елдегі Түркі инвестициялық қоры туралы келісім дүниеге келді. Оны Қазақстан Парламенті ратификациялады. Бұл экономикалық тұрғыда бір-бірімізге ықпал ететін жағдайға жеттік деп айтуға болатын шығар.
Саммитте мемлекет басшылары бірқатар маңызды мәселе жайлы шешім қабылдауы мүмкін. Экономика, сауда, көлік және кеден салаларындағы жобаларды пысықтауға қатысты құжаттарға қол қойылуы да бек мүмкін екен. Әрі ұйым төрағалығы Өзбекстаннан Қазақстанға тапсырылады.
Авторы: Айнұр Қуатқызы.