Түркі мемлекеттері ұйымы дамып келеді – Сарапшы

Түркі мемлекеттер ұйымы заманауи нарықтық талаптарға сай экономикалық, интеграциялық бағыттағы алаң ретінде дамып келеді.

Саясаттанушы Мақсат Жақау осындай пікірде. Сарапшының айтуынша, бауырлас елдер ең алдымен ұйымның экономикалық, гуманитарлық, экологиялық ынтымақтастығына баса мән беріп отыр. Бүгінгі мерейтойлық жиында жаһандық саяси мәселелер де қаралды. Мәселен, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Газа Секторындағы бейбіт тұрғындар, әсіресе балалар және қарттар жанжал азабын шегіп жатқандығына назар аударды.

Мақсат Жақау, саясаттанушы:

- Жалпы ұйымның өзінің құрылу мақсаты да ең алдымен алыс-жақын орналасқан көрші елдердің ортақ туыстық байланысы Түркі халықтары болғандықтан сол түркі халықтарының ауызбіршілігін пайдалана отырып, сөзсіз бұл жерде саяси бағытта ұйымдасу емес, көп жағдайда ортақ экономикалық әлеуметтік мәдени мәселелерді толыққанды шешу. Бұл уақытқа дейін түрлі мәселелер қаралды, түрлі мәселелер айналасында екі жақты, көп жақты келісім-шарттар да бекітілді. Бұдан бөлек қазіргі жаңа заманауи геосаяси ықпалдар ол Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс салдары, санкциялық мәселелерден туындайтын гео-экономикалық бастамалар, Газа мен Израил арасында болып жатқан қақтығыстар. Бұл халықаралық аймақтық деңгейдегі кеңес болғандықтан бұл жерде аймақтық мәселелерді қарамай кетпеу мүмкін емес.