Қырғызстан бес елдің суға қатысты комиссия жұмысына қатыспай жүр
Орталық Азия мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының отырысы жылына 4 мәрте өтеді.
Бұл жайында еліміздің Су ресурстары министрі Нұржан Нұржігітов Ташкенттегі жиында мәлім етті. Су саласының басшысы Өзбекстанда мемлекетаралық комиссияның 85-ші отырысына қатысып, вегетациялық кезеңге қатысты келісімге келді.
Рауан Мыңбаев, тілші:
- Бұл Орталық Азиядағы 5 мемлекеттің Су шаруашылығын үйлестіру комиссиясы мүшелерінің дәстүрлі жиыны. Вегетациялық кезең басталмас бұрын тараптар жиі бас қосып, дариядан алынатын тіршілік нәрінің шекті мөлшерін белгілейді. Бұл жолы еліміздегі Шардара қоймасына 1-сәуірге дейін 11,1 текше шақырым су келеді деп болжанып отыр. Ал «Достық» арнасында көрсеткіш 487 млн текше метрге жетуге тиіс. Ол Түркістан және Қызылорда облысына қажетті тіршілік нәрін жинақтауға, одан кейін Аралға 1,6 млрд текше метр су жіберуге мүмкіндік береді. Хаттамаға Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан тарапы қол қойды.
Дария суының негізгі бөлігі жинақталатын Тоқтағұлдағы жағдайға мамандар тағы алаңдаулы. Ондағы тіршілік нәрі болжамнан биыл да біршама кем. Мәселені шешу үшін мемлекеттер энергетикалық тауар алмасу әдісіне көшіп, суды вегетациялық кезеңге дейін сақтауды көздеп отыр.
Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:
- Тоқтағұлға келетін болсақ, биыл судың көлемі 1,5-1,7 млрд текше метрден төмендеу. Осы мәселені шешу үшін энергетика министрліктері арқылы сол судың жиналуын біз қамтамасыз етуіміз керек. Оны біз 4 рет кездесеміз деп келістік. Қаңтарда, наурыз немесе сәуір айында кездесеміз. Вегетациялық кезеңде мәселелердің бәрін шешу үшін.
Комиссия отырысында тараптар су тапшылығын болдырмау мәселелін де талқылады. 2030 жылға дейін Орталық Азияда бұл түйткіл күрделене түсуі мүмкін. Себебі барлық елде су нысандары толық автоматтандырылмаған. Біркелкі гидрологиялық болжам жасау ісі ақсап тұр.
Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:
- Автоматтандыру және цифрландыру мәселесін келістік. Әр мемлекетте кім қанша су алып жатыр. Бірдей ақпарат аламыз. Міндетті түрде қажетті құрал қоюымыз керек. Жолдауда жаңа міндет қойды. 20 жаңа су қоймасын салу.Одан бөлек, 15 қоймаға қайта жөндеу жүргізу. Биыл 2 қойманың құрылысы аяқталса, келер жылы жаңа 8-ін бастаймыз.
Айта кетейік, тіршілік нәрінің бастауындағы Қырғызстан бұл басқосудан тағы шет қалды. Оңтүстіктегі көршіміздің су саласына жауапты мамандары үйлестіру комиссияның отырыстарына көптен бері қатыспай жүр. Сарапшылардың айтуынша, қырғыз тарапы диалог алаңына көп ұзамай оралады. Олар алдағы қаңтар айында Астанада өтетін отырысқа қатысуы мүмкін.
Динара Зиганшина, мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясы орталығының директоры:
- Қырғызстан тарапымен келіссөз жүріп жатыр. Энергетика және су шаруашылығы органдарымен үнемі байланыстамыз. Өткен вегетациялық кезеңді екіжақты және көпжақты келісімдер арқылы өткердік. Алдағы уақытта Қырғыз тарапы бұл комиссияға оралуы мүмкін. Осы жолғы отырысқа қатысатын болып келіскен. Алайда кейбір ұйымдастыру мәселелері кедергі келтірді.
Өткен вегетациялық кезеңде тіршілік нәрі төменгі сағадағы қазақ пен өзбекке толық көлемде жетпеді. Соның салдарынан суға қатысты бірқатар келіспеушілік туындады. Бұл жолы министрлер барлық мәселені алдын ала реттеп, келер жылғы маусымда гидрометеорологиялық көрсеткіштерді сәйкестендіретін болып келісті. Кейін өзара су дипломатиясының белгісі ретінде тал егіп, көшет отырғызды.
Рауан Мыңбаев