Қостанай облысында дауыс беру басталды. LIVE
Қостанай облысында таңғы сағат жетіден 94 сайлау учаскесі жұмысын бастады.
Аймақ халқы төрт аудан, бір облыстық маңызы бар қала әкімін таңдайды. Қазір біздің тілшіміз Мағауия Қалиев Федоров ауданындағы дауыс беру учаскелерінің бірінен тікелей байланысқа шығып тұр. Елімізде алғаш өтіп жатқан аудан әкімін сайлауды жергілікті тұрғындар қалай қабылдады? Дауыс беріп жатқандар қарасы көп пе?
Мағауия Қалиев, тілші:
- Дәл қазір халықтың көңіл-күйі туралы айта қою қиын. Өздеріңіз көріп отырғандай, әзірге адам аяғы сирек. Ол түсінікті де. Таң ата қоймаған әлі алагеуім шақ. Бірақ келіп, дауыс беріп жатқандар бар. Жалпы Федоров ауданында 37 сайлау учаскесі ашылды. Қазір мен тұрған орталық учаске сайлаушылар саны бойынша ең ірісі. Мұнда дауыс беру құқына ие адам бар екен. Халықтың еркін өз таңдауын білдіруіне барлық жағдай жасалған. Енді оны нақты осы істің басы-қасында жүрген комиссия мүшесі Гүлмира Баймұхамбетовадан сұрап білсек. Гүлмира Сансызбайқызы алғашқы рет өткізіліп отырған аудан әкімін сайлауға дайындық барысында қандай да бір қиындықтар, түйткілді тұстар болды ма?
Гүлмира Баймұхамбетова учаскелік сайлау комиссиясының мүшесі
- Былтыр алдыңғы жылы аудандағы 9 елді мекенде баламалы негізде ауыл әкімдерін сайлауын өткіздік. Бұл демократиялық үрдіс қисынды жалғасын тауып отыр. Міне енді келесі қадам- аудан әкімін сайлауын өткізіп жатырмыз. Аудан әкімін сайлау біз үшін жаңашылдық болғандықтан барынша дайындалдық. Сайлаушылардың тізімін тағы бір түгендеп шықтық. Сайлау учаскелерін керек-жарақтармен толық қамтасыз еттік. Бізде үш кандидат тіркелген. Екеуі саяси партия атынан, біреуі өзін-өзі ұсынушы. Олардың сайлау алдындағы үгіт-насихатты жүргізуіне, сайлау туралы ақпаратқа қол жеткізуіне тең жағдай жасалды. Жалпы бұл сайлауды ұйымдастыру сапалы деңгейде өтті.
Мемлекет басшысының жүргізіп отырған саяси реформаларының арқасында, халық жергілікті өзін-өзі басқару ісіне етене араласа бастады. Мәселен, соңғы екі жыллың ішінде елімізде ауылдардың,,аудандық маңызы бар қалалардың 1668 әкімі сайланды. Сол сайланған әкімдердің жартысынан астамы бұл қызметте бұрын істемеген. Яғни ауыл әкімдерінің корпусы айтарлықтай жаңарған. Жоғарыда айттық, бүгін Қостанай облысында 4 аудан, бір қала әкімі сайланады. Әр өңірде 3 кандидаттан, Яғни барлығы 15 адам сайлау додасына түсіп отыр. Соның 7 саяси партиялар атынан шықса, 8 өзін өзі ұсынғандар. Әзірге бар ақпарат осы.