Ақтөбе облысында үш ауданның әкімі сайланады
Ақтөбе облысында бүгін үш ауданда әкім сайлауы өтіп жатыр.
Дауыс берушілер өңірдегі 79 учаскеде таңдауын жасай алады. Саяси науқанның заң талаптарына сай өтуі үшін барлық жағдай жасалған. Бұл орайда мүге-дектігі бар азаматтардың кедергісіз дауыс беруіне мүмкіндік бар ма?
Айдарбек Имаков сайлау учаскесіне ерте келді. Зағип жан ауылдың әрбір тұрғыны саяси науқанға атсалысу керек -дейді. Себебі аудан әкімін таңдау – ертеңгі күнге жоспар құрумен бірдей деп есептейді. Көз жанарының нашар көргені де кедергі емес. Себебі бұл жерде дыбысты ескертпелер, тактильді белгілер мен Браиль қарпімен жазылған трафарет сияқты қажет бұйымның бәрі бар.
Айдарбек Имақов, Әлия ауылының тұрғыны:
- Жаңа әкімнен осы ауданымыздың болашағынан үлкен үміт күтемін. Біздің ауданымызда мүмкіндігі шектеулі азаматтар болса соларға бірінші қолдау көрсетіп, одан кейін қазір елімізде болып жатқан, көп балалы аналар бар, соларға қамқорлық жасап, соларға жағдайлар жасалса, ауылымыздың дамуына өз үлесін қосады деген ойдамыз.
Қобда ауданының Әлия ауылында 1208 тұрғын бар. Олардың 642-і дауыс беруі тиіс. Кәмілет жасына енді толып, алғаш рет таңдау жасайтын 4 жас азамат тіркелген. Сайлаушылардың ең үлкені биыл 87-ге толып отыр.
Бағдаш Төпенова, №420 сайлау учаскесінің төрайымы:
- Халық өте жақсы келіп жатыр. Бұл жерде енді Әлия Молдағұлованың туған жері. Халқы өте белсенді. Таңнан бері үздіксіз келіп жатыр. 624 сайлаушымыз бар. Оның ішінде 11-і үйден дауыс береді денсаулықтарына байланысты. 4-і мүмкіндігі шектеулі азаматтар.
Аудан әкімі лауазымына 3 үміткер бар. Өңірде бүгін сайлау өтіп жатқан Ойыл мен Ырғыз ауданы халқы да үш кандидат арасынан іріктеп, таңдау жасауда. Жалпы облыс халқынының 28 мыңнан астам сайлаушысы дауыс беруі тиіс.
Авторлары: Мансур Есқожин, Болатбек Молдағалиев