Қорғаныс министрінің Түркияға сапары
Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Түркияға сапармен барып, екі ел арасындағы 2024 жылға арналған әскери ынтымақтастық жоспарына қол қойды.
Сондай-ақ, Түркияның Ұлттық қорғаныс министрі Яшар Гюлермен келіссөздер жүргізіп, екіжақты әріптестік жайын талқылады. Тағы қазақстандық делегация авиациялық техника мен ұшқышсыз ұшу аппараттарын шығаратын біріккен компанияға да бас сұғып, зауыт жұмысымен танысты. Бұдан бөлек Руслан Жақсылықов құрлық әскерлерінің әскери училищесінде оқып жатқан қазақстандық курсанттармен де кездесті. Министр жастарға сәттілік тілеп, алған білімдері мен дағдылары алдағы қызметтерінде аса қажет болатындығын атап өтті. Жалпы Қорғаныс министрінің сапары Түркия Республикасының құрылғынаны 100 жыл толуымен тұспа тұс келді. Сондықтан ведомство жетекшісі бастаған қазақстандық делегация «Анытқабір» мемориалдық кешенінде Ататүрік ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсіміне де қатысты.
Олжас Құсайынов, ҚР Қорғаныс министрлігі Халықаралық ынтымақтастық департаментінің бастығы:
- Бітімгершілік қызмет, әскери ғылым салаларындағы байланысты жолға қою, әскери-техникалық ынтымақтастықты белсенді түрде арттыру жоспарда бар. Кездесу нәтижесі бойынша 2024 жылға арналған Қазақстан мен Түркия арасындағы әскери ынтымақтастық жоспарына қол қойылды.