Мемлекет басшысы Ресей президентімен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді
Мемлекет басшысы Ресей Президентімен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Ресей Президентінің Қазақстанға сапары екі ел арасындағы қарым-қатынасты дамыту перспективасын айқындау тұрғысынан ерекше мәнге ие. Келіссөз барысында тараптар екіжақты экономикалық күн тәртібінің негізгі аспектілерін жан-жақты талқылады. Кездесу соңында президенттер Қазақстан мен Ресей арасындағы көпжақты қатынастарды нығайтуға және Еуразия кеңістігіндегі интеграциялық үдерістерді ілгерілетуге қос тарап та бейілді екенін растады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Екі елдің даму жолдарын өз бетінше әрі дербес таңдауы қос тарапқа кедергі келтірмейді, керісінше, бұл тең құқылы және өзара тиімді әріптестіктің пайдалы жағын еселей түседі. Мұны Қазақстанда да, Ресейде де жақсы түсінеді. Ғасырлар бойы бір-бірімен қоңсылас өмір сүрген ата-бабаларымыз достық, сенім мен тату көршілік қарым-қатынастың мызғымас құндылықтарын бізге аманат етті. Бұл құндылықтарды сақтап, келесі ұрпаққа жеткізуіміз керек.
Владимир Путин, Ресей Федерациясының президенті:
- Ресей мен Қазақстан – ең жақын одақтастар. Мұндай қарым-қатынас ұзақ жылдар бойы қалыптасты. Халықтарымыздың игілігіне қалтқысыз қызмет ететін байланысымызды нығайту дәстүрін жалғастырып отырғаны үшін Қасым-Жомарт Кемелұлына алғыс айтқым келеді.