Қазақстан COP28 жаһандық климат саммитіне қатысып жатыр
Дубайда COP28 жаһандық климат саммиті басталды.
Халықаралық шарада климаттың өзгеруі мәселесіне ғана емес, қазақстандық "Әлем бейнесі" әлеуметтік арт жобасына да ерекше мән берілді. Жоба Гиннестің рекордтар кітабына енген болатын. Енді ол жаһандық мәселелерді шешудегі ынтымақтастықтың нышанына айналып отыр. Картина өз елімізден бөлек, БҰҰ-ның Нью-Йорк пен Женевадағы штаб-пәтерінде, Париждегі ЮНЕСКО-да таныстырылып, Испания мен Грузия көрмелеріне қойылған. Авторлық жоба халықаралық өнертанушылар мен сарапшылардың жоғары бағасына ие болды.
Дәуіт Шайхисламов, "The World Painting" жобасының авторы және продюсері:
- Біздің еліміз әлемді татулыққа, бірлікке шақырып отыр. Өйткені бірлесе отырып қана жер планетасын да сақтап қала аламыз. Біздің жобамыз саммиттің философиясымен ортақ болып отыр.
Джамал Алхарби, саммитке қатысушы /БАӘ/:
- Халықаралық өнер жобасы расымен де әсерлі. Әлемнің түкпір-түкпірінен мыңдаған адам жасаған бұл картина климаттың өзгеруі сияқты жаһандық проблемалармен күресудегі бірлік пен ынтымақты бейнелейді. Бұл туынды әрқайсымызға ой салады.
Қазақстандық жобаны БҰҰ саммитіне қатысушылар тамашалайды. Әлемдік жиынға 200-ге жуық елдің президенті, белгілі ғалымдар мен әлемге танымал өнерпаздар қатыспақ.