2023 жылғы сыртқы саясат қорытындысы
Келер жылы Қазақстан 4 бірдей халықаралық ұйымға төрағалық етеді.
Олар Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы, Халықаралық Аралды құтқару қорының басқосуы. 4 бірдей ұйымға төрағалық бізге артылып отырған үлкен сенім. Бұл сенімнің артында қазақ басшысының дипломатиялық көргендігін мойындап жатса керек.
Биыл да Қазақстан халықаралық қатынастар жүйесінде өзін салиқалы, парасатты және жауапты қатысушы ретінде таныта алды. Сыртқы саясатты тиімді жүргізудің арқасында еліміз үлкен мүдделер тоғысқан алаңдарда өзін абыройлы, сенімді ойыншы ретінде көрсетті. Жаңа сын-қатерлер сыртқы саясатта қырағылықты, сергектікті талап етеді. Сондықтан еліміз халықаралық алаңдарда позициясын батыл жеткізді. Биыл сыртқы саясатта қол жеткен келісімдер туралы келесі материалда.
Қасым-Жомарт Тоқаев жыл бойы ат үстінде жүрді. Берісі көршілер, әрісі кәрі құрлық пен АҚШ. Жиыны 20 шақты ел.
Талғат Демесінов, экономист:
- Негізінде Қ. Кемелұлы Тоқаевтың, ел президентінің басқа елдерге сапар жасауы көбінесе Қазақстанның әлемдік саяси аренадағы, одан кейін экономикалық және инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталады көбінесе.
Ардақ Зебешев, ҚР Сыртқы істер министрлігі инвестиция комитетінің төрағасы:
- Мемлекет басшысы шетелдік сапарларға барған кезде ылғи осы өзінің бағдарламасында экономикалық бағытқа көп көңіл бөледі. Биылғы, былтырғы сапарларды көретін болсақ, жартысынан кем емес, ол бизнеспен кездесу. Германияға барған кезде 10 шақты компаниямен кездесті. АҚШ-қа барды биыл. Ол жерде де 8-10 компаниямен кездесті.
20 шақты елдің бәрін бір сюжетте қамту мүмкін болмас. Десе де, бірнешеуін айтайық. Әуелі АҚШ. Ақпанның соңында елімізге АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы келді. Бұл Энтони Блинкеннің Қазақстанға алғашқы сапары болатын. Жалпы ақ үйдің аты мәшһүр тұлғаларының мұқым ОА-ға табан тіреуі сирек. Осыдан соң қыркүйекте мұхиттың арғы жағына қазақ басшысы барды. Нью-Йоркте С5+1 форматында тұңғыш саммит өтіп, оған ОА мемлекеттерінің басшылары мен АҚШ Президенті Байден қатысты. Мұнда талқыланған мәселе – стратегиялық серіктестікті, саяси диалогты һәм сауда-экономикалық байланысты жандандыру болатын. Жылды қорытындылаймыз деген соң, АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі сұхбат берді. Ауыз толтырып айтар жетістік көп. Сұхбат барысында Дэниел Розенблюм Қазақстанды Орталық Азиядағы аймақтық интеграцияның күретамырана қан жүгіртіп отырған көшбасшы мемлекет деді.
Дэниел Розенблюм, АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі:
- Мен 2024 жылды нақты мүмкіндіктер жылы болады деп сенемін. Осы кезге дейін қол жеткізген уағдаластықты жүзеге асатын уақыт болады. Біз Қазақстанның өз экономикасын әртараптандыруға мүдделі екенін білеміз. Міне осыған АҚШ жиі назар аударады. Мұнай-газ секторында ғана емес, басқа да салаларда инвесторларымыз және компанияларымызбен қолдау көрсеткіміз келеді. Әртараптандырудың бір бөлігі тек инвестиция емес, сонымен қатар жаңа сауда жолдарын дамыту. Мысалы, Каспий теңізі арқылы өтетін жол көптің назарын аударған бағыттың бірі. Біз Қазақстанмен тығыз ынтымақтастық орнатудың тамаша мүмкіндігін көріп отырмыз.
Енді Еуропамен байланыс. Маусым айында елімізге мемлекеттік сапармен Германияның Федералды Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер келсе, қыркүйектің соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Берлинге барды. Канцлер Олаф Шольцпен келіссөз барысында тағы сол сауда-экономика, инвестиция, көлік-логистика салаларында ынтымақтастықты ырысты ете түсу жайы пысықталды. Ал, қарашаның басында Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен Эмманюэль Макрон табан тіреді. Францияның Орталық Азия елдерімен жасайтын сауда-саттығының 90 пайызы Қазақстанға тиесілі. Әрі бұл ел біздің Еуропа Одағындағы басты серіктесіміз. Байланыс жақсы. Келіссөз барысында Тоқаев пен Макрон екіжақты қатынасқа әлі де қарқын қоса түсуге келісті.
Енді Қытаймен байланыс. Биыл шығыстағы көршімізге Қасым-Жомарт Тоқаев екі рет барды. Мамырдың 17-сінде дәл туған күнінде Сиань қаласында болды. Осы сапар аясында екі мемлекет арасында визасыз режим турлы келісім бекіді. Ол қарашаның ортасында күшіне енді. Енді қазақ пен қытай азаматтары екі елде 30 күнге дейін визасыз жүре алады. Сарапшы мұны жылдың басты келісімі деді.
Қазбек Майгелдинов, "Қытайды зерттеушілер қауымдастығы" ҚҚ төрағасы, саясаттанушы:
- Әлемдегі нөмірі екінші экономика болып саналатын Қытай біздің стратегиялық әріптес, шекаралас мемлекетпен екі арадағы визасыз режимнің қосылуы бұл тек қарапайым азаматтар, бизнес, экомикаға ғана емес, жалпы мына Қазақстанның әлемдік сауда айналымына қосылуына мүмкіндік береді. Өйткені біздің визасыз режимге қосылу арқылы екі ел арасында кедендік бақылау, екі ел арасында тауар айналымын жеңілдеуі пайда болады. Нәтижесінде Қытай Қазақстан арқылы қазір Еуропаға, Таяу Шығысқа тауар шығарып отыр. Ал, қазақстан мұның арқасында өзінің үлесін арттырады. Транзиттік әлеуеті артып отыр. Екіншіден Қытай кез-келген елмен визасыз режим аша бермейді. Бұл дегеніміз екі ел арасында сенімділіктің жоғары деңгейінде болуы.
ЦИТАТА
Берік Уәли, ҚР Президентінің кеңесшісі – Президенттің баспасөз хатшысы:
Президент халықаралық жиындарда да елімізге пайдалы бастамалар көтеріп жүр. Байқасаңыз, Мемлекет басшысы еліміздің Орталық Азия аймағындағы көшбасшылығын сақтап, Қазақстанды сенімді транзиттік хаб ретінде дамыту мәселесіне баса мән береді. «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында Ляньюньган портында қазақ-қытай логистика орталығы құрылды; «Қорғас» құрғақ порты іске қосылды; «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік магистралі жұмыс істеп тұр; Қытайдан Иранға апаратын жаңа теміржол дәлізі тартылды. Бұған қоса, Достық – Мойынты, Бақты – Аягөз, Мақтаарал – Дарбаза теміржол жобаларын жүзеге асыру қолға алынды. Сонымен қатар Қытай тарапымен «Аягөз – Тачэн» теміржолы құрылысын жүргізу туралы меморандумға қол қойылды. Мемлекет басшысы ұсынған барлық бастама ел игілігіне қызмет етеді.
Енді алып держава һәм өзіміздің бауырлас ел Түркиямен байланыс хақында. Жыл басында бұл елде жер сілкініп, бүтін қалалар жермен-жексен болды. Осы жағдайдан соң Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің досы президент Ердоғанға хабарласып, қазақ жұртының атынан көңіл айтты. Сосын жақынымызға көмек көрсетуге дайынбыз деді. Артынша құтқарушыларымыз барып, сол жақта біраз күн тер төкті. Түрік басшысы Ердоған алғысын айтты. Сосын күзде Астанаға келді.
Қорған Қонысбайұлы @korgantore:
- Ердоған құр қол келмеді. Реджеп би біздің президентке көлік мінгізді, жалпы дипломатияда сый-сияпат жасау қалыпты нәрсе, саясаткерлер осылайша бір-біріне өзара құрметін білдіріп жатады.
Қарашаның үшінде Ақордаға бауырлас елдердің басшылары жиналды. Астанада Түркі мемлекеттері ұйымының X cаммиті өтті. Іргелі бірлестікке төрағалықты біздің тарап қабылдап алды. Осы жиында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның ұйымға төрағалығы «Түркі дәуірі!» деген ұранмен өтетінін мәлімдеп, 8 бағытта бірге дамуды ұсынды. Мемлекет басшысы биылғы 365 күннің 33 күнін шетелдерге сапарға арнады. Жоғарыда айтқанымыздай Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдерге 19 рет сапарлады. 27 халықаралық форум мен саммитке қатысты. Президенттің қатысуымен көпжақты және екіжақты қарым-қатынастар аясында 268 іс-шара өтті. Ұзын ырғасы 136 кездесу өткізді. Оның 30-ы шет мемлекеттердің президенттерімен, қалған 106-сы шетел үкіметтері басшыларымен, халықаралық ұйымдардың жетекшілерімен және іскер топтар өкілдерімен болған кездесу. Шет мемлекеттерге сапар шеңберінде 18 екіжақты құжатқа қол қойылды.
ЦИТАТА
Берік Уәли, ҚР Президентінің кеңесшісі – Президенттің баспасөз хатшысы:
Биыл Мемлекет басшысы Қазақстанның халықаралық беделін одан әрі арттыру мақсатында маңызды шешімдер қабылдады. Мысалы, Солтүстік Македонияда Қазақстан Республикасының елшілігін, сондай-ақ Қытайдың Сиань, Ресейдің Екатеринбург және Германияның Гамбург қалаларында Қазақстанның Бас консулдығын ашу туралы шешім қабылдады.
Қорған Қонысбайұлы @korgantore:
- Қазір дүние деген диірменнің тасындай шыр айналып тұр. Қарапайым тауар тасудың өзі мұң болды. Тіпті 21 ғасырда әлем саудасы 19 ғасырдың жолын қайталауға мәжбүр деген түсінік қалыптасып жатыр. Ендеше, мұндай кезде кім-кім де сөзсіз жаңа жолдар мен байланыстар іздейді. Қазақ басшысының 33 күнін шелдерге сапарға арнауының себебін осы деп түйіңіз. Бастысы сол қыруар келісім берекелі болса дейсің ел үшін...
Қорған Қонысбайұлы, Жандос Битабаров