Қазақстан мен Өзбекстанның геосаясаттағы рольдері артты
Өткен жыл Қазақстан мен Өзбекстан үшін демократиялық һәм әлеуметтік-экономикалық қайта құру кезеңі болды.
Екі көршінің халықаралық геосаясатта рөлі күшейді. Ал ішкі реформалардың астарында қоғамды демократияландыру мен мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігін жоғарылату үрдісі жатыр. Президенттің таяуда республикалық басылымға берген сұхбаты Өзбекстанда да қызу талқыланды. “Әңгіменің өзегі ішкі саяси ахуалға байланысты болғанымен, сырт елдерге қызықты тұсы көп”, - дейді көрші елдің сарапшылары.
Президент сұхбатында Орталық Азияның өзара ынтымақтастығына ерекше маңыз берілген. Оның келешегі тұтас аймақтың біркелкі дамуына оң әсер етеді. Өзбекстандық саясаттанушылар биыл Қазақстанда өтетін Орталық
Азия көшбасшыларының кезекті консультативтік кездесуін асыға күтіп отыр. Себебі алтыншы саммитте ықпалдастық үдерісті жаңа кезеңге бастайтын шешімдер қабылданбақ.
Фархад Толипов, саясаттанушы:
- Біз үшін басымдық Орталық Азия болып қала береді. Өзара интеграциямызды дамытатын жақтарымыз бар. Бес мемлекет өкілдері біріксе, Еуропалық Одақ секілді біртұтас, дербес аймаққа айнала алады. Оның үстіне қазір Орталық Азияның басқа да аймақтарымен бірігіп жүзеге асыратын жобалары бар. Оның барлығы маңызды. Бірінші кезекте экономика үшін пайдалы болмақ.
Мұндағы мақсат - экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ету. Ал күрделі геосаяси жағдайда тиімді ынтымақтастықтың берері мол. Аймақ көшбасшыларының C5+ 1 форматын дамытып, өзектілігін арттыра түсуі бекер емес. Мәселен былтыр 5 ел бірігіп, әлем алпауыттармен бірқатар кездесу өткізді. Дербес саясат әрі тиімді экономикалық ынтамақтастық жүргізе алатынын дәлелдеді.
Азер Адгезалов, халықаралық Орталық Азия институтының бас ғылыми қызметкері:
- Орталық Азияда түрлі нарықтар бойынша сауда-экономикалық қарым-қатынасты дамыту жоспары бар. Таяуда Кавказ елдерімен осы саладағы байланысты ынталантыратын құжат қабылданды. Ол импорттық-экспорттық кедергілерді азайтып, технологиялық реттеу ісін бір ізге келтіруге көмектеседі. Осы арқылы арадағы тауар айналымы 2030 жылға қарай 100 млрд АҚШ долларына жетуі мүмкін.
Былтыр Қазақстан қолға алған әділетті қоғам бастамалары мен жаңа экономикалық бағдар саясаты нәтиже бере бастады. Мұндай өзгерістің тұтас аймаққа оң әсері мол. Оның үстіне қазақ пен өзбекте жүзеге асырылып жатқан реформалардың өзара ұқсастығы бар. Қос тарап алдағы уақытта саяси жүйелерді қалыптастырудың біркелкі бағытын ұстанып, экономикада тиімді ынтымақтастық орнатуға мүдделі.
Рауан Мыңбаев