Мемлекет басшысы Қостанай облысының әкімін қабылдады
Ақтөбе облысынан Қостанай қаласына дейін магистральды газ құбыры тартылады.
Қазір техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп жатыр. Бұл жоба Қостанай өңірінің елді мекендерін көгілдір отынмен қамтамасыз етіп қана қоймай, ірі инвестициялық жобалардың іске асуына қолайлы жағдай жасайды. Мұны Мемлекет басшысының қабылдауында болған облыс әкімі айтты. Құмар Ақсақалов Қасым-Жомарт Тоқаевқа өңірдің былтырғы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берді. Өткен жылы аймақтың негізгі макроэкономикалық өсімі қарқынды болған. Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібі 11, құрылыс саласы 7, негізгі капиталға салынған инвестиция 8 жарым көлік тасымалы 3, тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі 5 пайызға өскен. «СарыарқаАвтоӨнеркәсіп» серіктестігі жылына 30 мың Chevrolet Оnix автокөлігін құрастыру үшін құны 23 миллиард теңге болатын инвестициялық жобаны жүзеге асыра бастады. Нәтижесінде 400 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев облыс әкіміне жылыту маусымын қалыпты режимде өткізу, өңірді газбен қамтамасыз ету жобасын уақытылы жүзеге асыруды Үкіметпен бірге айрықша бақылауға алуды, сондай-ақ көктемгі егіс науқанына әзірлікті пысықтауды тапсырды.