Қазақ Президентінің ресми сапары
Биылғы алғашқы ресми сапарын Президент Италиядан бастады.
Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін осы елдің Президентімен және премьер-министрімен кездесіп, келіссөздер жүргізеді. Басқосуда қос мемлекет арасындағы ынтымақтасты арттыру жайы пысықталмақ.
Риат Шони, тілші:
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Италияға ресми сапары бүгін басталды. Қазақ басшысын әуелі Италия Президенті өз резиденциясында құрмет қарауылымен салтанатты түрде қарсы алды. Қасым-Жомарт Тоқаев Серджо Маттарелламен екіжақты келіссөздер жүргізіп, алдағы әріптестік жайын талқылады. Айта кету керек, Италия Қазақстанның әлем бойынша ірі 3 сауда серіктесінің бірі болып табылады және Еуропалық одақ елдері арасында бірінші орында тұрғанын да атап өту керек. Мемлекеттер арасындағы тауар айналымы былтыр 15 млрд доллардан асқан. Оның дені қазақстандық экспорт. Қазақстан негізінен мұнай, бидай, мыс, алюминийді сатады. Ал түстен кейін Қасым-Жомарт Тоқаевты Италияның Премьер-министрі қарсы алады. Онда шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөздер жоспарланған. Тағы бүгін мемлекет басшысы «Қазақстан-Италия» инвестициялық дөңгелек үстеліне қатысып, бірқатар ірі компания басшыларымен кездесулер өткізеді деп күтіледі. Яғни, елімізге инвестиция тарту мәселелері қаралады. Негізі Италия Қазақстанның ірі инвесторларының бірі болып табылады. Соңғы 18 жыл ішінде Италиядан тартылған инвестиция көлемі 7,3 млрд доллардан асты. Демек, ел экономикасын арттыруда италиялық инвесторлардың қосар үлесі зор болып отыр. Іскерлік бағыттан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтардың 19-ы күні Ватиканда Рим Папасы Францискпен кездеседі. Тағы БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының және Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының штаб-пәтерлеріне де барады деп күтіледі.
Авторлары: Риат Шони, Ерлан Наурызбаев, Бақытбек Нұртаев