Мемлекет басшысы Италия Президентімен кездесті
Италияға ресми сапармен барған мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Италия Президентімен келіссөз жүргізді.
Тараптар екі ел арасындағы экономикалық, саяси және мәдени-гуманитарлық байланыстар жайын талқылап, әріптестікті нығайту жөнінде әңгімелесті. Кездесу барысында қазақ басшысы Италия Қазақстанның Еуропадағы негізгі сауда серіктестерінің бірі екенін атап өтті. Мемлекеттер арасындағы өзара сауда-саттық көлемі 14,5 млрд доллардан асты. Алдағы жылдары тауар айналымы 20 млрд долларға жетеді деген болжам бар.
Римдегі «Квиринале» сарайы. Италия Президентінің ресми 3 резиденциясының бірі. Бүгін бұнда қызыл кілем төселіп, құрмет қарауыл ротасы сап түзеген. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты Италия басшысы Серджо Маттарелла ресми түрде қарсы алды.
Салтанатты рәсімнен кейін президенттер екіжақты келіссөздер жүргізді.
Айта кету керек, бұл - мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Италияға жасаған алғашқы ресми сапары. Сондықтан да талқылайтын мәселе көп.
Риат Шони, тілші:
- Жалпы екі ел арасындағы қарым-қатынас жоғары деңгейде деп айтуға болады. Қазір Италия Қазақстанның әлем бойынша ірі 3 сауда серіктесінің бірі болып табылады және Еуропалық одақ елдері арасында бірінші орында тұрғанын да атап өту керек.
Қазір екі ел арасындағы сауда-саттық 14,5 млрд доллардан асты. Алдағы жылдары тауар айналымы 20 млрд долларға жетеді деген болжам бар. Қазақстан негізінен Италияға мұнай, бидай, ферроқорытпа, көмір және титан сынды өнімдерді экспорттайды. Ал импорттың негізгі үлесі фармацевтика тауарларына тиесілі. Италиядан келген өнімдердің өсімі былтыр 22 пайыздан асқан. Тағы елге еуропаның оңтүстігінен тракторлар да көптеп жеткізіліп жатыр.
Қазақстан мен Италия арасындағы сауда-саттық
Экспорт
Мұнай – 22 млн тонна
Бидай – 496,6 мың тонна
Ферроқорытпа – 51,7 мың тонна
Көмір – 51,9 мың тонна
Титан – 385 тонна
Импорт
Өсім – 22,3%
Сауда көлемі – $1,1 млрд
Тағамдық қоспалар мен дәрумендер - 2,6 есе
Косметика мен парфюмерия – 7,7%
Тракторлар – 2,2 есе
Мұның барлығын тараптар бүгін үстел басында талқылады. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде мемлекет басшысы ретінде Италияға алғаш рет ресми сапармен келіп отырғанын және қонақжайлық көрсеткені үшін өз әріптесіне алғысын білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мен бүгін өзара мүддені көздейтін мәселелерді, атап айтқанда, экономикалық байланыстарды дамыту және екі елді өркендетуге бағытталған қатынастарды нығайту, сондай-ақ халықаралық өзекті мәселелерді шешу жолдарын талқылағым келеді.
Италия - Қазақстан экономикасына қаржы құйып отырған ірі инвесторлардың бірі . Соңғы 18 жылда отандық түрлі салаға 7,3 млрд доллардан астам қаражат тартылған.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біздің нарықта 300-ге жуық италиялық компания жұмыс істейді, соның ішінде ENI кәсіпорны да бар. ENI – көшбасшы компания. Біз екіжақты қатынастардағы жетістіктерді жоғары бағалаймыз. Біз олардың жұмыс істеуі үшін қолайлы жағдай жасауды одан әрі жалғастыра береміз. Дегенмен экономика бағытына ғана емес, мәдениет, туризм сияқты басқа да көптеген саладағы ынтымақтастықты дамытуға тың серпін беру қажет. Қазақстан мен Италия арасындағы ынтымақтастық өте табысты болатынына сенімдімін.
Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік инвесторлар үшін ел экономикасының әлеуеті зор салалары туралы да айтты. Қалталы азаматтар Қазақстанда «жасыл» энергетика бағытында жобаларын жүзеге асыра алады. Қазір елімізде бұл салаға басымдық беріліп отыр. Сондай-ақ, екі ел президенттері БҰҰ Жарғысының қағидаттарын құрметтеу негізінде халықаралық қатынастар мен жаһандық қауіпсіздік жүйесін нығайтудың маңызды екенін атап өтті. Мемлекет басшысы орайлы сәтті пайдалана отырып, Президент Маттарелланы Италияның «Үлкен жетілікке» төрағалық қызметіне кірісуімен құттықтады. G7-нің ауқымды і с-шараларын жүзеге асыруды табыс тіледі. Өз кезегінде Серджо Маттарелла Италия Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси және қоғамдық реформаларға үлкен қызығушылық танытып отырғанын атап өтті. Римге сапармен келгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Кездесу соңында қазақ басшысы Серджо Маттарелланы Қазақстанға сапармен келуге шақырды.
Авторлары: Риат Шони, Ерлан Наурызбаев, Бахытбек Нұртаев, Алмас Омарғалиев