Қ. Тоқаев Италия Президентімен келіссөз жүргізді
Қазақстан мен Италия арасындағы тауар айналымы таяу жылдары 20 миллиард долларға жетпек.
Мұны Мемлекет басшысы айтты. Италияға ресми сапармен барған Қасым-Жомарт Тоқаев осы елдің Президенті Серджо Маттарелламен келіссөз жүргізді. Мемлекет басшысы Еуропа Одағындағы сенімді серіктестеріміздің бірі – Италиямен қарым-қатынас ұзақ уақыттан бері өзара тиімді сипатта дамып келе жатқанын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Өзара сауда-саттық көлемі 14,5 миллиард доллардан асты. Таяу жылдары елдеріміз арасындағы тауар айналымы 20 миллиард долларға жетеді деп сенеміз. Италия – Қазақстан экономикасына қаржы салған басты инвесторлардың бірі. Біздің нарықта 300-ге жуық италиялық компания жұмыс істейді, соның ішінде ENI кәсіпорны да бар. ENI – көшбасшы компания. Біз екіжақты қатынастардағы жетістіктерді жоғары бағалаймыз. Біз олардың жұмыс істеуі үшін қолайлы жағдай жасауды одан әрі жалғастыра береміз. Дегенмен экономика бағытына ғана емес, мәдениет, туризм сияқты басқа да көптеген саладағы ынтымақтастықты дамытуға тың серпін беру қажет. Қазақстан мен Италия арасындағы ынтымақтастық өте табысты болатынына сенімдімін.
Кездесуде қазақ президенті өзара мүддені көздейтін мәселелерді, атап айтқанда, экономикалық байланыстарды дамыту және екі елді өркендетуге бағытталған ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ халықаралық өзекті мәселелерді шешу жолдарын талқылауға ниетті екенін атап өтті. Сонымен қатар тараптар Қазақстан мен Орталық Азияның Еуропа Одағымен арадағы ынтымақтастығын дамыту жайын талқылап, көлік және логистика саласындағы өзара тиімді ықпалдастықтың, нақтырақ айтқанда Транскаспий халықаралық көлік бағытын өркендетудің келешегі зор екенін атап өтті.
Серджо Маттарелла, Италия Президенті:
- Жоғары деңгейде өтіп жатқан бүгінгі сапар Қазақстан мен Италия арасындағы кең ауқымды ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға екі тараптың да мүдделі екенін білдіреді. Біздің ықпалдастығымыз мәдениет, экономика, саясат секілді түрлі бағыттарды қамтиды. Біз осы қарым қатынасты дамытуға ниетті екенімізді нақтылағым келеді. Президент мырза, қош келдіңіз!