Президент Архивінде БАҚ өкілдерімен кездесу өтті
Бүгін Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин журналистер мен қоғам белсенділеріне 2023 жылы өз жұмысын аяқтаған Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия қызметінің қорытындылары туралы айтып берді.
Сонымен бірге, Ерлан Қарин атап өткендей, комиссия мүшелері дайындаған материалдарды талдау және оларды бір жүйеге келтіру жұмыстары жалғаса береді. Бұл мәселеде Мемлекет басшысының өкіміне сәйкес 2021 жылдың мамырында Президент Архивінің жанынан құрылған ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерделеу орталығы айрықша рөл атқарады. Бұл орталықта Мемлекеттік комиссия қызметінің нәтижесінде жинақталған және әзірленген ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін тарихына қатысты негізгі мұрағат қоры шоғырланған. Мұнда ХХ ғасырдың 20-50 жылдары қуғын-сүргінге ұшыраған адамдарға қатысты 688 мың іс жинақталған.
Сондай-ақ жиылған қауымға, архив істерін зерделеу барысында көрнекті жазушы, ақын Жүсіпбек Аймауытов автор ретінде көрсетілген «Әзір өлмеймін» шығармасы туралы айтылды. Ерлан Қарин Орталық жұмысының қорытындысы жыл сайын ғылыми жинақ ретінде жарық көріп, ғылыми ұйымдар мен жоғары оқу орындарына берілетінін атап өтті.