Астана процесі: Сирия мәселесі бойынша ХХІ кездесу аяқталды

Елордада Сирия мәселесі бойынша ХХІ халықаралық кездесу аяқталды.

Астана процесіне Ресей, Түркия, Иран, Сирия үкіметі мен оппозиция өкілдері қатысты. Ал Иордания, Ирак, Ливан мемлекеттері, сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымы мен оның босқындар істері жөніндегі Жоғары комиссарының басқармасы, Халықаралық Қызыл Крест комитетінің өкілдері бақылаушы болды. 2 күнге созылған жиында Сириядағы гуманитарлық ахуал және елді қалпына келтіру мәселелері талқыланды. Таяу Шығыстағы саяси қақтығыстарды реттеу, терроризм мен есірткі саудасына қарсы күрес іс-шаралары пысықталды. Бірқатар келіссөз жүргізілді. Жылдың екінші жартысында Астана процесі шеңберінде тағы бір кездесу өтеді.

Әлібек Бақаев, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:

- Астана процесінің арқасында Сириядағы жағдай едәуір тұрақталып, қайта қалпына келтіру кезеңінің алдында тұр деп айтуға толық негіз бар. Шешімі табылмастай көрінген күрделі мәселелер кепілгер елдердің ауқымды күш-жігерлері мен БҰҰ-ның тұрақты қолдауының арқасында тиімді түрде реттеліп жатыр. Осы орайда мүдделі тараптар Астана процесі нәтижесінде қалыптасқан қолайлы жағдайды барынша тиімді пайдалана отырып, қақтығыстың саяси шешімін табатынына зор үмітпен қараймыз.