Олжас Бектенов – ел тарихындағы ең жас Премьер-министр
Жаңа Үкімет басшысы Олжас Бектенов – ел тарихындағы ең жас премьер.
Мемлекет басшысы Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысында оның тәжірибелі мемлекеттік қызметші екенін айтты. Премьер-министр осыған дейін Президент Әкімшілігін басқарды. Жаңадан жасақталатын министрлер кабинетіне де жүктелетін жүк ауыр. Еліміздің 13-ші Үкімет басшысы бұған дейінгі еңбек жолында қандай жетістіктерімен есте қалды?
Олжас Бектенов – білікті заңгер. Еңбек жолын 2002 жылы Алматының Әділет басқармасы бөлімінде бас маман болып бастаған. Әр жылдары Премьер-министр кеңсесінде, Әділет министрлігінде еңбек етті. Астана қаласы мен Ақмола облысы әкімдігінде де жауапты лауазымдарды атқарды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары, одан кейін басшысы ретінде біліктілігі мен жан-жақты қырын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Ерлан Ахмеди, саясаттанушы:
- Біздің тәуелсіздік тарихымыздың ішінде 12 Үкімет басшысы болды. Олжас Бектенов 13-ші Үкімет басшысы. Жемқорлыққа қарсы салада көп жұмыс атқарды. Менің ойымша, нақты осы активтерді қайтару бойынша, жемқорлыққа қатысты бұл кісі нақты істер атқарды және бұл жұмыс енді мүмкін Үкіметтің деңгейінде атқарылуы керек болғандықтан, мемлекет басшысы осындай тоқтамға келді.
Агенттікке төрағалық еткен кезеңдері Олжас Бектенов шетелге заңсыз шығарылған активтерді қайтары жұмыстарына тың серпін берді. Оның басшылығымен 650 млрд теңгеден астам қаржы елге қайтарылды. Заңнан ауыр сыбайлас жемқорлық баптары бойынша сотталғандарды шартты түрде мерзімінен бұрын босату мүмкіндігін алып тастауға ықпал етті. Атышулы Оператор РОП-қа қатысты іс қозғалды. Халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы қылмыстық топ ұсталды. Олжас Бектенов өткен жылы көктемде Президент Әкімшілігіне басшысы болып тағайындалды. Ауқымды реформа жүргізілді. Қағазбастылық азайды. Президент Әкімшілігінде ол орынбасары болмаған жетекші ретінде есте қалды.
Ғазиз Әбішев, сарапшы:
- Олжас Бектенов Президент Әкімшілігінде жүйелі өзгерістер жасағанын білеміз. Ол басшылық еткен кезде қағазбастылық деңгейі айтарлықтай төмендеген. Енді жаңа Үкіметтің күн тәртібінде заңсыз активтерді қайтару мен жемқорлықтан арылу мәселелері тұрады деген ойдамын.
Үкімет халқымыздың игілігіне, еліміздің өркендеуіне қызмет етеді. Бүгін Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысында жаңа Премьер осылай деді. Алда атқарылар жұмыс көп. Экономиканың барлық саласын, әсіресе өндіріс пен өңдеу саласын ынталандыруға бағытталған нақты шаралар қабылданады. Цифрландыру, жасанды интеллектіні қолдану саласын кеңейтуге де басымдық беріледі. Басқа да халықтың көкейінде тұрған өзекті мәселелер үнемі Үкіметтің назарында болады.
Авторлары: Дана Әлиева, Өрден Жарқын.