Қазақ-қатар ынтымағы артады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қатарға мемлекеттік сапары жалғасып жатыр.
Бүгін Қатар мемлекетінің әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни қазақ басшысын өзінің резиденциясы «Diwan Amiri» сарайында салтанатты түрде қабылдады. Екіжақты келіссөздердің нәтижесінде 9 құжатқа қол қойылды. Енді келелі кездесу ауылшаруашылығы, бизнес, энергетика және инвестиция салаларына серпіліс береді деген сенім бар.
Қатар Мемлекетінің Әмірі бүгін Қазақ лидерін өзінің резиденциясында қабылдады. «Diwan Amiri» сарайында құрмет қарауылы сап түзеп, екі елдің әнұрандары орындалды. Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Салтанатты рәсімнен кейін екі ел басшылары келіссөз залына өтіп, дидарласты.
Айта кету керек, Қасым-Жомарт Тоқаев көк галстук тағып келген. Дипломатияда галстуктың көк түсі тұрақтылық, дос пейілдік пен сенімділікті білдіреді. Әрі бейбітшіліктің нышаны. Әмірмен емен жарқын әңгімеден соң құжаттарға қол қою рәсімі өтті.
Мұнан соң Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар мемлекетінің Премьер-Министрі Мохаммед бин Абдулрахман бин Джассим Әль Танимен кездесті.
Қазақ лидерінің осы жолғы сапары тарихи сәттермен айшықталуда. Мәселен Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар мемлекетінің консультативті жиналысы, яғни парламентінде сөз сөйледі деп жоспарланған.
Арман Исағалиев, ҚР Қатар мемлекетіндегі төтенше және өкілетті елшісі:
- Қатар мемлекетінде бұрында болмаған жағдай. Шура деп аталады, өздері. Консультативный совет, жаңағы мәжіліс. Алғаш рет Қазақстан мемлекетінің басшысына деген құрметпен қарап жатқаны соншалықты, Парламент мүшелерін шақырып, соның алдында соның алдында сөз сөйлеуге мүмкіндік берді.
Берік Дүйсенбай, тілші:
- Мына зал Қазақ Қатар бизнес өкілдерін инвестициялық дөңгелек үстел басында біріктірмек. Жиын БАҚ өкілдері үшін жабық жағдайда өтеді. Бұған дейінгі ашық ақпараттарға сәйкес біздің ел 60 тай тауар түрі бойынша экспорттың жалпы сомасын 250 млн долларға жеткізуді межелеп отырғаны мәлім. Сондай-ақ Қатар капиталының Қазақстанға келуі екі елдің алыс беріс тарихындағы жаңа бетбұрыс болуы мүмкін деп болжануда.
Алмас Темірғалиев, Қазақстан Қатар сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы:
- Қатар инвестмент фонда ауторти деген ұлттық қорлары бар. Олардың 40 елге 400 млрд доллардан астам инвестиция құйған. Қатар нэшнл банк деген үлкен бір банк бар. Ол 20 мемлекетте жұмыс істейді. Қазақстанда да жұмыс істеуі мүмкін.
Қатар бизнесмендерін Қазақстан орасан зор ауылшаруашылық әлеуетімен қызықтырып отыр. Қытай, Ресей сияқты үлкен нарықтарға шығатын транзиттік жол. Бұған қоса, біздекәсіпкерлер үшін қолайлы әрі тиімді инвестициялық климат қалыптасқан.
Хамад Әл Хаджри, «Snoonu» бас директоры:
- Қазақстан маған 1998 жылғы Қатарды есіме салады. Сол кезде біздің ел өзінің әлеуетін көрсетіп, аяққа тұра бастады. Сіздерде дұрыс заң, әрі өз ісін жетік меңгерген талантты адамдар бар. Бизнес ашып, қаражат құю үшін бәрі дайын. 2000-шы жылдардың басында Қатар да жаппай инвестор тарта бастады. 5-6 жылда ірі компаниялар пайда болды. Мен Екипмент Хаб деген компаниялар платформасын құрып жатырмын. Бұл жаһандық деңгейдегі құрылым. Менің бас кеңсем, технологиялық шешімдер мен процесстердің барлығы Қазақстанда орналасатын болады.
Қатар мемлекеті 2030 жылға дейінгі стратегиялық даму бағдарламасында азық-түлік қауіпсіздігіне баса мән беріп отыр. Ел аумағы ауылшаруашылығына қолайсыз. Сондықтан бұл бағыттағы жобаларды елден жырақта жүзеге асыруға тура келеді. Мұның сыртында бизнестің жаңа түрлерін Қазақстанға әкелу жоспарлары да бар.
Әбу Бәкір Ноурейн, «Qatar National Enterprises» бас директоры:
- Біз биыл Алматы облысының Талғар қаласында жылжымайтын мүлік саласын дамыту бойынша ауқымды жобаны бастаймыз. Біз оны ЭКО қала деп атаймыз. Ол жерге барлық бағытта халықаралық инвесторларды тартамыз. Ол жылжымайтын мүлік, баспана, денсаулық сақтау, спорт және білім беру салаларын кеңінен қамтиитын болады. Сондай-ақ біз азық түлік қауіпсіздігі бағытында да инвестиция саламыз. Жыл аяғына қарай екіжақты байланыстардың жемісін барлығы көреді деген үміттеміз. Бұл Ақмола облысында жоспарланып жатқан ауқымды жобамызға қосымша серпін береді деп есептейміз.
Арман Исағалиев, ҚР Қатар мемлекетіндегі төтенше және өкілетті елшісі:
- Осы уақытқа дейін Қатардан біздерге 75 млн доллар инвестиция тартылды, мемлекеттік іссапар аясында біздер үлкен қаржы саласында, телекомуникация саласында, ауылшаруашылығы және энергетика саласында газ саласында қомақты жобаларға қол қоямыз. Миллиардтаған инвестициялар келеді Қазақстанға. 24-ке керек емес, хабарға керек.
Қазақстан мен Қатар арасындағы алыс беріс алдағы жылдары 500 млн долларға жетуі тиіс. Бірақ ол да ауқымды жобалардың бастамасы ғана. Сауда қатынастары өз алдына, қазіргі күні қазақ компаниялары мен мамандар Дохаға келіп жұмыс істей бастады. Қара жұмысшы емес, қазақ экспаттары ретінде.
Ілияс Әмірғалиев, кәсіпкер:
- Қазақстан мұнай саласында өте жақсы дамыған. Біздің Қазақстанның мамандары Катаргаз деген компанияда, Национальная Катарская компаниялда үлкен должностьтарда жұмыс жасайды. Қазақстанның мамандары жөнінде Қатар елінің адамдары өте жақсы біледі. Біз жоғары деңгейдеміз.
Арман Исағалиев, ҚР Қатар мемлекетіндегі төтенше және өкілетті елшісі:
- Болашақта Қатар біздердің ең үлкен стратегиялық инвесторымыз болады. Ешбір Араб мемлекеттерінен келмеген инвестиция көлемі осы Қатардан келеді.
Қазақ басшысы мен Қатар әмірінің екіжақты кездесуінен соң 9 құжатқа қол қойылды. Ол қылмыстық істер бағытында өзара құқықтық көмектер, Қазақстаннан келген жұмыскерлерді Қатарда жұмысқа орналастыру секілді маңызды шараларды қамтиды. Сонымен қатар, байланыс және ақпараттық технологиялар бағытындағы ынтымақтастық, энергетика және газ саласында жобаларды іске асыру, Қашаған кен орнында газ өңдеу зауыттарын салуға қатысты жобалар бар.
Авторлары: Берік Дүйсенбай, Еділ Ермекбаев