Ел тірегі - жастар

Мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттырып, мамандарға бизнеспен бәсекеге түсе алатын мардымды еңбекақы тағайындау.

Бұған қоса, қызметті оңтайландыруда IT шешімдерге басымдық беру. Бүгін Президенттік жастар кадрлық резервінің форумына қатысқан Мемлекет басшысы осындай міндеттер жүктеді. Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев әлі тыйылмай отырған «командамен көшу» үрдісін сынға алып, қағазбастылыққа үзілді-кесілді тосқауыл қоятын уақыт жеткенін айтты.

Риат Шони, тілші:

- Бұл Жүзден жүйрік мыңнан тұлпар шыққан жастар. Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшелері. Қазір бұл резервте сан саланың жілігін шағып майын ішкен 400 білікті маман бар. Соның 70 пайызы бүгінде орталық органдарда жауапты лауазымдарда қызмет атқарып келеді. Ал жуырда елде аймақтың деңгейде кадрлық резервке іріктеу басталады. Бір сөзбен айтқанда елде мемлекеттік аппараттың жаңа буыны жасақталуда.

Президенттік жастар кадрлық резерві өкілдерінің бірі – Олжас Бейсенбаев. 2021 жылы іріктеуден іркілмей өткен жастардың қатарында. Қазір қазақстандық қоғамдық даму институты басқарма төрағасының орынбасары. Білімді маман, білікті менеджер.

Олжас Бейсенбаев, Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі:

- Мен осы институтта аналитик менеджер дәріжесінен бөлім басшысына, одан кейін басқарма төрағасының орынбасары лауазымына дейін көтерілдім. Әрине, бұл тек қана резервтің мүшесі болдың екен, енді көтерілесің деген сөз емес. Барлық сатыда өзіміздің біліктілігімізді дәлелдеп, зерттеу нәтижелері арқылы жетуге тырыстық.

Президенттік жастар кадрлық резервіне үшінші кезең қорытындысы бойынша 50 маман іріктеліп алынды. Барлығы да сан салада жұмыс істеп, шыңдалып жатыр. Бірі айти маманы, бірі инженер. Қаржыгер де осында. Ал Шыңғыс Сейдәлиев салық саласында еңбек етеді. Оқығаны да, түйгені де көп. Жас келсе іске дегенді ұстанады. Шыңғыс алдағы уақытта ел мүддесі үшін аянбай тер төгуге дайынмын деп отыр.

Шыңғыс Сейдәлиев, Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі:

- Резервке барар алдында ойым болған осы мемлекетке қызмет етіп, үлесімді қосып. Әрине, қазір мен квазимемлекеттік секторда жұмыс істеп, үлесімді қосып жатырмын. Бірақ енді тікелей осы мемлекеттік секторда жұмыс істеп, жастар ретінде мемлекет үшін, ұлттық мүддені қорғап, сол үшін жұмыс істеуге талпыныс бар.

Жалындап тұрған 400 жас маман. Оларға артылған жүк ауыр. Мемлекеттік қызметшілердің деңгейін көтеру, соларға тән жаңа мәдениетті қалыптастыру. Бір сөзбен айтқанда құндылықтарды өзгерту керек. Мәселе мансап емес, елге қызмет ету. Бүгін жастар алдында сөз сөйлеген Президент осылай деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Заң мен тәртіп орнамаса, қазіргідей күрделі геосаяси жағдайда елімізді сақтап қалу қиын болады. Мұны бәрі түсінгені жөн. Тек мемлекеттік қызметшілер ғана емес, жалпы қоғам заңға бағынуға тиіс. Бұл демократия шектеледі деген сөз емес, керісінше, еліміздің егемендігін нығайтып, демократияны дамыта түседі.

Жасыратыны жоқ бүгінде мемлекеттік қызметтің жұмысы ауыр болғанымен, жалақысы мардымсыз. Салдарынан білікті кадрлар жеке секторда нәпақа тапқанды жөн көреді. Осы ретте Президент Мемлекеттік қызметтің гибридті моделін енгізуді жалғастыру керектігін айтты. Ол үшін жеке сектордан білікті мамандарды қабылдау ережесін жеңіл етіп жасау мәселесін мұқият пысықтау қажет. Ал қызметтің тартымдылығын арттыру үшін бизнеспен бәсекелесе алатын мардымды еңбекақы белгілеу керек - деді, Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Әрине жалақы мен сыйақыны шектен тыс көп беруге болмайды. Бірақ таңертеңнен кешке дейін, уақытпен санаспай жұмыс істейтін мемлекеттік қызметкерлерге белгілі бір деңгейде материалдық өтемақы төленуі керек деп санаймын. Мәселе – өте өзекті. Біз мұны мемлекеттік қызметшілердің пайдасына шешеміз. Олардың баспана мәселесін де тиісті деңгейде шешу керек. Бұл бойынша Сингапур және басқа да елдердің тәжірибесіне назар аударған жөн. Олардың мемлекеттік басқару жүйесіндегі тиімді әдіс-тәсілдерді қарастыру қажет.

Назар аударар тағы бір мәселе – ол гендерлік теңдікті сақтау жайы. Бүгінде мемлекеттік аппараттағы әйелдердің үлесі 55 пайызға жуықтайды. Дегенмен, басшылық құрамда олардың қатары 40 пайызға да жетпейді. Осы ретте Президент мемлекеттік қызметтегі өзінің жарты ғасырлық тәжірибесімен бөлісті. Айтуынша, «әйелдер жұмысқа өте мұқият, тиянақты қарайды. Ер адамдармен салыстырғанда, жемқорлық әрекеттерге бейім емес. Статистикасы да соған меңзейді», - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Саяси қызметкерлер арасында да елеулі теңсіздік байқалады. Олардың қатарындағы әйелдердің саны 10 пайызға жетпейді. Мемлекеттік қызметтегі жастардың үлесіне қатысты да диспропорция бар. Мемлекеттік қызметтегі әйелдердің, жастардың және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың санын көбейту керек. Олардың, әсіресе, басшылық құрамда қызмет етуіне барынша мүмкіндік берген жөн.

Мемлекеттік қызметте жылдар бойы қордаланған өзекті мәселе бар. Ол – бюрократия. Президент қағазбастылыққа үзілді-кесілді тосқауыл қоятын уақыт жеткенін айтты. Тағы «командамен көшу» үрдісі әлі тыйылмай отырғанын сынға алды. Яғни, әкім немесе министр ауысса, өз адамдарын орынбасары етіп тағайындап қояды. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Әкімшілігіне, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттікке бұл мәселені қатаң бақылауға алуды және мұндай әрекеттерге батыл тосқауыл қоюды тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жалпы, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттікке заң жүзінде қосымша құзырет беру қажет деп санаймын. Олар еліміздегі кадр саясатына конструктивті тұрғыдан ықпал ете алуға тиіс. Әрине, бұл Агенттік басшылығына айрықша жауапкершілік жүктейді.

Мемлекеттік қызмет жүйесін оңтайландыруда IT-шешімдер көмекке келе алады. Президент те осы цифрландыру бағытына көп көңіл бөлуді талап етіп отыр. Яғни, заманауи технологиялар арқылы халықпен етене байланыс орнатудың жолдарын жақсарту керек. Форумда Мемлекет басшысына "Е-қызмет" ақпараттық жүйесінің артықшылықтары, бюджетті басқаруды оңтайландыруға бағытталған «eAkimat365» цифрлық платформасының ерекшеліктері таныстырылды. Бұл жүйелер Президенттік жастар кадрлық резервінің қатарына әр жылдары өткен мамандардың жетекшілігімен жүзеге асырылып жатқан жобалар. Ал машиналық оқыту жүйесін әзірлеуші Әлібек Сайланбаев болса, жасанды интеллектің мүмкіншілігін Президентке паш етті.

Міне, ел ертеңі осы білімді жастардың қолында. Сондықтан Мемлекет басшысы кадрлық резервке өткен мамандарға зор жауапкершілік жүктелетінін атап өтті. «Олардың негізгі мақсаты мемлекет мүддесін қорғау болмақ», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Сіздер өмірдің базарына енді келген, ал біз қайтып бара жатқан адамдармыз. Бұл – қалыпты дүние. Уақыты келгенде, сіздерге жол береміз. Біз зейнетке шығамыз, орнымызға сіздердей жалынды жастар келеді. Бірақ сіздер туған елге, Отанға қызмет етуге дайын болуларыңыз қажет. Өйткені күрделі заманға тап келіп тұрмыз. Көптеген қиындықтарды бастан өткеріп жатырмыз.

Президент жуырда Үкіметтің кеңейтілген отырысында жаңа экономикалық саясатты жүзеге асыруға арналған нақты шараларды атаған болатын. Енді қазір алда өте ауқымды міндеттер тұр. Оларды жүзеге асыруда осы жастар да өз үлесін қосуы тиіс. Сондықтан да сөз соңында Президент жастарға зор үміт артатындығын айтты.

Авторлары: Риат Шони, Жандос Битабаров, Алмас Омарғалиев