«Болашақтың ойындары» әлеуеті жағынан тартымды

Көп ұзамай виртуалды әлем мен жасанды интеллект тұрмысымызға толық сіңетін сыңайлы.

Қазірдің өзінде компьютер ойындары жай қызық емес, үлкен аренаны толтыратын кәсіби спортқа айналып үлгірді. Қазан қаласында өтетін «Болашақтың ойындары» сайысына жер жаһан түгел көз тігіп отыр. Бәсекеде отандастарымыз да сынға түспек.

Бекзат Аманов, тілші:

- Қазан көпке көне ғимараттарымен танылған қала. Ежелгі сәулет өнерінен сыр шертетін шаһар келешекке көз тастап, киберспорт сайысын қабылдады. Демек, осы күндері мұнда тарих пен болашақ кездеседі.

Иә, мұндағы жұрт Болашақтың ойындарын көп күтті. Қазір Қазан көшелері қарбалас. Бірер сағаттан кейін байрақты бәсеке басталады. Ашылу рәсіміне қазақ басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен бірнеше мемлекеттің Президенттері келеді деп күтілуде. Бұл – сайыстың салмағын көрсетсе керек. Фиджитал турнирге 100-ден аса елден 2 мың спортшы жиналды. Сарапшылардың пікірінше, бәсекеде қазақстандықтардың бәсі жоғары.

Ермек Маржықпаев, ҚР Туризм және спорт министрі:

- Жана мультиспорт турнирі бірінше рет өтіп жатыр. 48 азаматымыз бар. Қатысушылар спорттың 21 түрінен өнер көрсетуде. Біздің спортшылар соның 13-і бойынша бақ сынауда. Турнир фиджитал спорт форматында өтіп жатыр. Оған тек клубтар қатысуда, ұлттық командалар қатысып жатқан жоқ.

Ойын ресми ашылмағанымен кейбір спорт түрлерінен топтық кезең басталып кетті. Қазақстандық спортшылардың ішінен алаңға алғашқы болып хоккейшілер шықты.

Бекзат Аманов, тілші:

- Бұл сайыстың бір ерекшелігі ойыншылардың интелектуалды һәм физикалық біліктілігі бірдей қаралады. Мысалы, хоккей ойынында алдымен ойыншылар ана тұрған экранның алдына отырып, джойстик арқылы виртуалды хоккейдей бақ сынасса, кейін шынайы мұз айдынына шығып, кәсіби хоккейден өз арасынан мықтыны анықтайды. Дәл қазір мұз айдынында қазақстандық барыс командасы өнер көрсетуде. 

Мұнда виртуалды ойын мен шынайы хоккейде алынған ұпайлар қосылып есептеледі. Яғни, спортшылар джойстиктен кеткен есені мұз айдынында қайтара алады.

Әділ Аманжолов, сайысқа қатысушы:

- Ледта қиын болды шамалы, ал киберде оңайырақ. Киберде от меня зависит. Ал ледта командный вид спорта болғандықтан қиындау. Ойнап жатқан кезде шатасып қалуымыз мүмкін. 3 бала бар, киберспортмен бізде. Қалғандары хоккей ойнайтын балалар.

Ал бұл спорттың пайдасы неде? Есті елді осы сұрақ елең еткізбей қоймас. Мамандардың пайымынша, фиджитал формат спорт әлеміне әсер ептей қоймайды. Керек десеңіз, дәстүрлі спорт ережесіне де өзгеріс енгізуі мүмкін. Ең бастысы, бұл өскелең ұрпақты спортқа баулитын бастама болмақ. Фиджитал хоккейші Шыңғысхан Әбіл жаттықтырушы болып істейді. Матчтан кейін ол жас хоккейшілердің біліктілігіне тоқталды.

Шыңғысхан Әбіл, сайысқа қатысушы:

- Бүкіл жерде ойын, әр баланың қолында телефон, әр баланың қолында плестейшн. Сондықтан бұл ойындар өседі деген ойдамын. Біздің жас хоккейшілер өте мықты ойыншылар. Мен уәде бере аламын, біздің жас хоккейшілер өте жақсы дайындалып жатыр және келесі он жылдықта біздің хоккей, именно біздің өзіміздің қазақтар. Басқа елден келгендер емес өзіміздің қазақтар мықты ойын көрсетеді. Ол үшін уәде бере аламын. Өйткені біздің процесс өте жақсы жүруде.

Фиджитал спорттың хоккейден бөлек футбол, баскетболға арналған нұсқалары бар. Осының арқасында ойыншылар қарым-қабілетін жан-жақты дамытады. Ал спортшылардың бір бөлігі Дота 2, КонтрСтрайк 2 және Стандаф сынды бейнеойындардан бақ сынасады. Олар компьютер алдынан тұрған соң, лазертаг алаңында жеңімпазды анықтайды.

Темірлан Байдәулетов, ҚР Киберспорт федерациясының менеджері:

- Мәселен, Дота 2 таңғаларлық ойын. Оны жоғары деңгейде ойнау үшін ойлау қабілетін жақсы дамыған болуы керек. Неше түрлі тактика бар. Шахматтан кем тұсы жоқ. Елде киберспортты көбейту керек. Жаттығу алаңы сынды инфрақұрылымды жетілдіру де маңызды. Болашақта бұл олқылықтың орны толады деп сенемін. Біз спорттың олимпиадалық түріне кірмейміз. Алайда келешекте серпіліс болып, барлығы орындаланытына кәміл сенемін. 

Болашақтың ойындары әлеует жағынан ғана емес, сыйақы жағынан да тартымды. Жеңімпаздар 4,5 млрд теңгені өзара бөліп алады. Ал сайыстың ашылу салтанаты бүгін Мәскеу уақытымен сағат 19-00-де басталады. Жарыстағы жүйріктеріміз бен олардың мыңдаған жанкүйері бұл сәтті асыға күтіп отырғаны сөзсіз.

Бекзат Аманов, Ержан Қанапияұлы, Ділмұрат Сейдаханов