Қазақстан мен Өзбекстан ынтымақтастығы артады
Қазақстан мен Өзбекстан өзара экономикалық кооперацияны одан әрі тереңдетеді.
Екіжақты сауда айналымын, инвестициялық және кәсіпкерлік қызметті дамыту үшін қолайлы жағдай жасалады. Бүгін Мәжіліс Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы одақтастық қатынастар туралы шартты бекітті. Оны қабылдау жайында бұған дейін екі елдің Мемлекет басшылары кездесу барысында келіскен еді. Маңызды құжат бауырлас қазақ-өзбек халқының көпқырлы ынтымақтастығын стратегиялық әріптестік және одақтастық рухында жан-жақты нығайтуды көздейді. Шартқа сай тараптар Парламенттер, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар арасындағы байланыстарды нығайтуға өзара жәрдемдеседі. Сондай-ақ рухани, мәдени жақындығын сақтау, ғылым, білім, медицина, спорт және өзге де салалар бойынша ынтымақтастықты арттыру үшін қолайлы жағдайлар жасалады. Шегаралас қос елдің трансшегаралық су ресурстарын ұтымды әрі үнемді пайдалану жайы да қамтылады.
Айгүл Құспан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Дипломатия саласында құжаттардың иерархиясы бар. Одақтастық қатынастар туралы шарт осы иерархияда ең жоғарғы деңгейдегі шарт. Осыған қол жеткізуімізге уақыт керек болды. Мұның айырмашылығы басқаларға қарағанда барлық салаларды қамтиды және де ең бастысы сенім, ұлттық мүдделерді өзара есепке алу, тәуелсіздігімізді құрметтеу, шегараларымыздың мызғымастығын құрметтеу. Және бұл шартта халықаралық Аралды құтқару қоры туралы айтылады. Екі мемлекет осы қордың жұмысын жандандыру жайында міндеттемелер алады.
Әйелдер мен балаларды қорғау
Сондай-ақ Мәжіліс әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ғылымды дамытуға қатысты заң жобаларын екінші оқылымда қабылдады. Жаңа нормаларға сай, денсаулыққа қасақана зиян келтіру, ұрып-соғу, 16 жасқа толмаған балаларға қорлау мақсатында тиісу, өз-өзіне қол жұмсауды насихаттау – қылмыстық жауапкершілікке тартуды көздейді. Жасөспірімдерге қатысты буллинг, кибербуллинг үшін жаза күшейеді. Педофилдерді өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы да күшіне енеді.