Қазақстан – Әзербайжан: әріптестік әлеуеті зор

www.akorda.kz

Баку-Тбилиси-Джейхан мұнай құбыры арқылы өтетін қазақстандық мұнайдың көлемін келер жылы 2 млн тоннадан асыру, арадағы сауда-саттықты еселеп арттыру. Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сапармен Әзербайжанға барып, әріптесі Ильхам Әлиевпен осы мәселелерді талқылады.

Тағы Бакуде Қазақстан мен Әзербайжан Жоғары мемлекетаралық кеңесінің бірінші отырысы да өтті.

Риат Шони, тілші:

- Бұл – Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевтің Загульба резиденциясы. Мұнда жоғары мәртебелі қонақты қарсы алу үшін соңғы дайындықтар жүріп жатыр. Алаң тазаланып, кілем төселіп, екі елдің мемлекеттік тулары да ілінген. Бірер сәттен кейін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әзербайжанға мемлекеттік сапары басталады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Президент ретінде Әзербайжанға осымен үшінші мәрте келді. Бірақ бұл жолғы сапардың жөні де, мәртебесі де бөлек. Қазақ көшбасшысы бауырлас елге алғаш рет мемлекеттік сапар жасап отыр.

Мәртебелі мейманды Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев өзінің Загульба резиденциясында бар сән-салтанатымен қарсы алды. Бауырлас елдің басшылары қол алысып, емен-жарқын әңгімелесті. Протоколға сай резиденция алаңында құрмет қарауыл ротасы сап түзеген. Екі елдің мемлекеттік әнұрандары шырқалып, тараптар делегация мүшелерін таныстарғаннан соң екі жақты келіссөз жүргізді. Бүгінде қос мемлекет арасындағы алыс-беріс дорба емес, жорға жүретін деңгейге жетті. Сан салада берік ынтымақтастық орнаған. Атап айтқанда, саясат, экономика, транзит, ауыл шаруашылығы және энергетика бағыттарындағы ықпалдастық күн санап артып келеді. Бұны Президент Ильхам Әлиевпен шағын құрамда кездесу барысында ерекше атап өтті. Дегенмен Каспийдің арғы жағында талқыланатын мәселе көп. Сапар барысында Бакуде Қазақстан мен Әзербайжанның Жоғары мемлекетаралық кеңесінің бірінші отырысы да өтті. Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев әріптесін президенттік сайлаудағы айқын жеңісімен және биыл Бакуде СОР 29 саммитін өткізу мүмкіндігіне ие болуымен құттықтады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жаңа ғана біз сауда-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастыққа, халықаралық аренадағы өзара ықпалдастыққа қатысты барлық мәселені егжей-тегжейлі талқыладық және ортақ ұйғарымға келдік. Бұл Қазақстан мен Әзербайжанның, шын мәнінде, стратегиялық серіктес, одақтас мемлекеттер екенін көрсетеді. Осы орайда екі ел үкіметтері бүгін қол қойылған құжаттар, келісімдер түріндегі уағдаластықтарды жүзеге асырумен айналысатынын ескерсек, ынтымақтастығымыздың перспективасы өте зор. Мен COP 29 саммитіне қатысуға шақыруыңызды ықыласпен қабыл аламын. Мұндай шараны өткізу – Әзербайжан мемлекеті мен оның дипломатиясы үшін айтулы тарихи жетістік. Саммит қазіргі климат мәселелерін реттеу және жаһандық ынтымақтастықты нығайту тұрғысынан өте маңызды. Баку бұл міндетті абыроймен атқаратыны сөзсіз.

Қазір екі ел арасындағы сауда-саттық қарқынды дамып келеді. Бүгінде алыс-беріс 5 есеге ұлғайып, 529 млн долларды құрады. Қазір жеткен жетістіктерге тоқмейілсімей, арадағы тауар айналымды еселеп арттыру міндеті тұр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазіргі сауда қарқыны оң бағалауға лайық. Елдеріміз айтарлықтай экономикалық әлеуетке ие. Біз бұдан да зор жетістікке жетеміз деп ойлаймын. Шын мәнінде, ынтымақтастықтың ауқымы өте кең. Біз бүгін мұнай мен газдан бөлек, көлік пен логистикадан бастап, цифрландыруға дейінгі мәселелердің бәрін қарастырдық. Халықаралық аренада табысты жұмыс істеп жатқанымызға көңілім толады. Біріккен Ұлттар Ұйымындағы және басқа да халықаралық ұйымдардағы делегацияларымыз өзара жемісті қарым-қатынас жасап отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады деп ойлаймын.

Кездесу барысында Әзербайжан президенті мемлекеттік сапармен келген қазақ басшысына халықаралық аренадағы жан-жақты қолдауы үшін ризашылығын білдірді. Қазақстанның әр табысына қуанатындығын жеткізіп, бауырлас елдің халқын әлеуметтік-экономикалық және инновациялық даму жолындағы толағай жетістіктерімен құттықтады.

Ильхам Әлиев, Әзербайжан Республикасының президенті:

- Мен Қарабақты қалпына келтіру ісіне бауырлас ел ретінде жәрдем бергені үшін Қазақстан Президентіне ризашылығымды білдірдім. Физули қаласында Құрманғазы атындағы Балалар шығармашылығы орталығы қазақ халқының әзербайжан халқына тартуы ретінде Президент Тоқаевтың бастамасымен бой көтерді. Ертең біз достығымыздың орталығына айналатын осы нысанды ашамыз. Сондай-ақ Әзербайжанның егемендігін қалпына келтіру мәселесінде қолдау білдіргендеріңіз үшін алғыс айтамыз. Әлбетте, Әзербайжанда Қазақстанды бәрі сенімді дос әрі одақтас ел ретінде таниды деп ойлаймын.

Сондай-ақ бүгін екі ел басшылары Сиань қаласындағы Қазақстан мен Қытайдың жаңа көлік-логистика орталығынан шығып, Транскаспий халықаралық көлік бағытымен Апшерон станциясына контейнерлі блок-пойыздың келуіне орай ұйымдастырылған салтанатты шараға телекөпір арқылы қатысты.

Бұған дейін биыл 28 ақпанда Сианьда Қазақстан терминалы ашылып, Қытай – Қазақстан – Әзербайжан бағыты бойынша алғашқы пойыз жолға шыққан болатын. Шара барысында Президент қазіргідей жаһандық геосаяси тұрақсыздық жағдайында Еуразияның жаңа көлік-логистика жүйесі құрылып жатқанын атап өтті. Сондай-ақ бірлескен күш-жігердің арқасында екі елдің сауда-экономикалық әлеуеті нығайып келе жатқанын айтты. Соңғы жылдары еліміз тауар экспортының балама бағыттарын дамытуға баса мән беріп келеді. Сондай маршруттардың бірі Әзербайжан арқылы өтеді. Нақтырақ айтқанда, Баку-Тбилиси-Джейхан мұнай құбыры. Қазақтан қара алтын транзитінің көлемін арттыруға ниетті. Былтыр Ақтау портынан 1 млн 57 тонна мұнай жөнелтілсе, биыл оның көлемі 1,5 млн тоннаға дейін жетеді деп жоспарланған. Ал келесі жылы бұл көрсеткішті 2 млн-нан асыру көзделген.

Мағзұм Мырзағалиев, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:

- Келісімнің аясында біз Әзербайжан арқылы мұнай тасмылы көлемін 50%-ке арттыратын боламыз. Айына 120 мың тоннадан 180 мың тоннаға дейін. Немесе 1,5 млн тоннадан 2,2 млн тоннаға дейін деген сөз.

Президенттің мемлекеттік сапарының алғашқы күні жемісті болды. Тараптар 14 құжатқа қол қойды. Атап айтқанда көлік, цифрландыру, мәдениет және кәсіпкерлік салаларында түрлі келісім жасалды. Бауырлас елге жасаған сапардың мән-маңызына тоқталған Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Әзербайжанның ықпалдастығы достыққа, сенімге, бір-бірінің мүддесін құрметтеуге және ескеруге негізделген мемлекетаралық қатынастың озық үлгісі саналатынын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз бүгін бүкіл әлемде ресурстардан бөлек, көлік-логистика саласындағы мүмкіндіктерге қол жеткізу үшін бәсекелестік күшейіп келе жатқаны туралы айттық. Бұл – стратегиялық сала. Қазақстан да, Әзербайжан да сенімді серіктестіктер ретінде бұл бағытта тығыз қарым-қатынас жасап жатқаны қуантады. Сиань портынан Қазақстан аумағы арқылы Әзербайжанға дейінгі теміржол бағдарын ашудың өзі көп нәрсені аңғартады. Бұл, шын мәнінде, өте маңызды шара. Біз цифрландыру, жасанды интеллект жүйесін құру, Каспий теңізінің табаны арқылы оптикалық-талшықты байланыс желісін тарту бағыттарында күш-жігер біріктіру туралы пікірлестік. Мұның бәрі – бірегей жобалар.

Қазақстан Президентінің мемлекеттік сапары 2 күнге жоспарланған. Ертең Қасым-Жомарт Тоқаев Қарабақтағы Физули қаласына барып, қазақ халқынан тарту ретінде салынған Құрманғазы атындағы балалар шығармашылығы орталығын ресми түрде ашады деп күтіліп отыр.

Авторлары: Риат Шони, Марат Диханбаев, Бахытбек Нұртаев.